Жамағат діни сұрақтарының жауабын алуда
ҚМДБ Ақтөбе облысы бойынша мешіттерінің діни қызметкерлері кезекті «Пәтуа сағатын» өткізді. Жұма намазынан кейін ұйымдастырылған бұл кездесуде жамағат көкейінде жүрген түрлі діни сауалдарын қойып, шариғат негізінде тұшымды жауаптар алды.
Атап айтқанда, «Әйелдердің махрамсыз қажылыққа бару үкімі» тақырыбы жан-жақты түсіндірілді. Имамдар бұл мәселеде классикалық фиқһ ғалымдарының көзқарастарын жеткізіп, әйел адамның ұзақ сапарға махрамсыз шығуына қатысты шариғи талаптарды баяндады. Сонымен қатар, қазіргі заман ғалымдарының кейбір жеңілдіктері мен қауіпсіздік мәселелері де ескеріліп, қажылық сапарына бару кезінде жауапкершілік пен тәртіптің маңыздылығы атап өтілді.
Бұдан бөлек, жамағат тарапынан намаз, ораза, зекет, отбасылық қатынастар, бала тәрбиесі және күнделікті өмірде кездесетін өзге де діни мәселелер бойынша сұрақтар қойылып, барлығына Құран мен сүннет аясында нақты жауаптар берілді. Имамдар тұрғындарды дәстүрлі ислам құндылықтарын берік ұстануға, діни сауатты арттыруға және күмәнді, негізсіз ақпараттардан сақ болуға шақырды.
Осындай «Пәтуа сағаттары» халық пен дін қызметкерлері арасындағы байланысты нығайтып, қоғамда дұрыс діни түсініктің қалыптасуына оң ықпал етуде.






































