КЕЛІСІМ – КЕЛЕШЕК КЕПІЛІ 2187

КЕЛІСІМ – КЕЛЕШЕК КЕПІЛІ

18 қазан 2022 122 Оқу 1 минут

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти 

Құрметті қауым! Қадірлі бауырлар!

Баршаңызды Рухани келісім күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Алла Тағала әрбір отбасыға бақ пен береке нәсіп еткей!

Елімізде осынау айтулы күнге маңыз беріліп жатқан жайттың да өзіндік айрықша мәні бар. Өйткені рухани келісімсіз келешек жоқ. Бұл дата еліміздегі барша ұлт пен ұлыс, дін өкілдерінің рухани бірлігі мен өзара бауырмашылдық байланысына үлкен серпін беруде.

Аллаға шүкір, бүгінде Еуразия жүрегінде бейбіт ғұмыр кешіп келе жатқан Қазақстан төрткүл дүниеге бітімгер, араағайын, ымырашыл іргелі ел ретінде танылды.

Өздеріңізге мәлім, жуырда елордамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қатысуымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің жетінші съезі өтті.

Әлем халқын бірлік пен игілікке бастаған бұл жиынның Қазақ топырағында тұрақты түрде өткізіліп келуінің өзіндік мәні бар. Президентіміз айтқандай, Қазақ жері ғасырлар бойы Батыс пен Шығыстың арасындағы байланысқа алтын көпір болып келеді.

Съезд діндер арасындағы татулықты нығайтып қана қоймай, бүкіл мұсылман әлемінің рухани тұтастығы мен бірлігіне қызмет етуде.  

Алла Тағала қасиетті Құранда «Маида» сүресінің 2-аятында: «Ізгі істерге, тақуалыққа көмектесіңдер. Күнә жасауға, жаулыққа жәрдемші болмаңдар...» дейді. Мейірімділік пен кешірімділік – барша қауымға ортақ қасиет.

Жер шары – бәріміздің ортақ мекеніміз. Сондықтан жер бетіне бейбіт өмір орнату – күллі адамзаттың тілегі. Біз – қашан да алауыздыққа қарсы тұра білген елміз. Этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлық адам терең түсінуі тиіс. Ендеше, қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтайық!

Алла Тағала еліміз бен жерімізге жақсылығын жаудырып, халқымыздың ынтымағы мен ырысын арттырғай. Әмин!