БАС МҮФТИ ҚАСИЕТТІ ШАҒБАН АЙЫНЫҢ КЕЛУІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ 2505

БАС МҮФТИ ҚАСИЕТТІ ШАҒБАН АЙЫНЫҢ КЕЛУІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

20 ақпан 2023 176 Оқу 1 минут

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Қадірлі жамағат!

Баршаңызды шарапаты мол Шағбан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын!

Қасиетті Рамазан айының келгенін сүйіншілейтін Шағбанда әр шаңыраққа шаттық, бақыт пен береке тілеймін. Алла Тағала осы айда жасайтын дұға-тілектерімізді, құлшылық-ғибадаттарымызды қабыл еткей!

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз үмбетіне Шағбан айы кіргенде тазаланып, ниетімізді дұрыстауды өсиет еткен.

Алла елшісінің тағы бір хадис-шарифінде айтылғандай, Шағбан айында жасалған дұға кері қайтарылмайды. Ендеше, шарапаты мол Шағбан айында шынайы ниетпен халқымыздың амандығын сұрап, көп дұға жасайық.

 

Құрметті жамағат!

Ізгі ғұламалардың бірі «Ережеп – желге, Шағбан – бұлтқа, Рамазан жаңбырға ұқсайды. Ережеп айында дән егілмесе, Шағбанда суарылмаса, Рамазанда қандай егін күтуге болады» деген.

Осы айда ниетімізді түзеп, нәпіл ораза ұстап, мүмкіндігінше тазаланып, дұға жасап өзімізді қорғайық. Құран оқып, қиналған жандарға, науқастарға, қиындыққа тап болған мұсылмандарға Алладан жеңілдік, шипа тілейік. Өйткені, «Құран оқу – көңілдің шипасы» (хадис).

Алла Тағала елімізге амандық, жерімізге тыныштық, халқымызға береке нәсіп еткей! Ел іргесін берік етіп, Шағбанның шарапатына бөленуді жазғай!

Раббым, Ережепті аман-есен аяқтадық, енді Шағбан айын да берекелі ете гөр! Бізді Рамазанға аман-есен жеткізе гөр! Әмин!