Бас имам Шалқардағы мешіт-медреселердің тыныс-тіршілігімен танысты 3868

Бас имам Шалқардағы мешіт-медреселердің тыныс-тіршілігімен танысты

28 қазан 2024 51 Оқу 1 минут

Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев Шалқар ауданына арнайы барған жұмыс сапарында өңірдегі мешіт–медреселердің тыныс-тіршілігімен танысты.

Ең алдымен Шалқар ауданына атбасын тіреген имамдар Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» және қалалық «Жанаман ахун Сейітімұлы» мешітінің тыныс – тіршілігімен танысты. Мешіт тазалығына назар аударып, ғимараттың ішкі және сыртқы жұмыстарын тексерді.

Сондай - ақ, Шалқар қайырымдылық мекемесіне арнайы барып, медресе тіршілігін және үздіксіз Құран жаттап жатырған шәкірттердің білім деңгейін тексерді. Одан өзге «Бір кәсіпті меңгер» тігін курсының 5 – легінде тәлім алып жатырған қыз – келіншектердің жұмысымен танысып, кәсіптеріне береке тіледі.

Одан өзге, іс -сапар аясында Бас имам Амантай Сәдиев Шалқар ауданында жаңадан салынып жатырған «Тәубе» мешітінің құрылысымен танысып, сауапты іске жұмыла көмек көрсетіп жатырған мешіт жамағаты мен қала тұрғындарына алғысын білдірді.

Айта кетейік, Шалқар қаласындағы жаңа мешіттің қазығы 2024 жылдың 15 – мамыр күні Байсалбаев көшесінде қағылған болатын. Мешіт құрылысына 1 гектарға жуық жер берілген. Алла қаласа, бұл ғибадат үйінде бір мезетте 300 -ден астам адам құлшылық жасай алады. Бұл жаңа ғимаратта намазхана, имам бөлмесімен қатар Құран оқитын бөлмелер салынбақ. Сонымен қатар, мешіт ауласында дәретхана мен жеміс ағаштары егілетін бақшасы болады деп жоспарлануда.