Хромтауда Құрбан айт құндылықтары дәріптелді 6406

Хромтауда Құрбан айт құндылықтары дәріптелді

29 мамыр 2026 12 Оқу 1 минут

Қасиетті Құрбан айт мерекесінде Хромтау аудандық «Нұр» мешітінде «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен тағылымы мол рухани кеш ұйымдастырылды. 

Игі шараның негізгі мақсаты – жамағат арасындағы бауырмалдықты нығайтып, ауызбіршілік пен мейірімділікті дәріптеу, сондай-ақ мерекенің рухани мән-маңызын кеңінен насихаттау болды.

Кеш қасиетті Құран Кәрім аяттарын оқумен басталып, қатысушыларға мерекенің қадір-қасиеті мен құрбан шалудың сауабы жайында уағыз-насихат айтылды. Жамағатқа имандылық, сабыр, жанашырлық секілді асыл құндылықтардың маңызы түсіндірілді.

Шара барысында қатысушылар діни-танымдық сұрақтарға жауап беріп, түрлі танымдық әрі қызықты ойындарға белсене қатысты. Атап айтқанда, «Иә/Жоқ» ойыны мен «Эмоциядағы кім?» интерактиві көпшілік қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар қатысушылар топтық көріністер қою арқылы Құрбан айттың тәрбиелік мәнін сахналық қойылымдар арқылы әсерлі жеткізе білді.

Кештің ерекше әсер қалдырған бөлімдерінің бірі – құпия ашықхат тарату сәті болды. Ашықхаттар ішінде жылы лебіздер, ізгі амалдарға үндейтін тапсырмалар мен жүрекке жылу сыйлайтын тілектер жазылған. Бұл жамағаттың рухани әсерін күшейтіп, кештің мазмұнын байыта түсті.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі