Хромтау: Әйелдер жамағатына ауызашар берілді
Он екі айдың сұлтаны, берекесі мол Рамазан айында Алланың алдында ең ұнамды іс – ауыз аштыру екені мәлім. Ауыз бекіткен адамды айрықша қадірлеп, оған ауызашар беру ежелден келе жатқан салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз. Осы орайда Хромтау аудандық «Нұр» мешітінің асханасында әйел жамағатының белсенді мүшелерінің ұйымдастыруымен 200 адамға қасиетті Рамазан айының ауызашар дастарханы жайылды.
Рухани сұхбаттың, бата мен ізгі тілектің қайнары болған ауызашар дастарханы Алланың каләмын оқумен басталды. Кеш жүргізушісі Гүлмира Каукенова Рамазан айы жайлы сөз қозғап, аят, хадистердерден дерек келтірді.
Игі шараны Юнусова Сабира, Көптлеуова Рада және Патшайым Жаннназарқызының түрлі ойындары мен викториналық сұрақтары кешті сәнін келтіріп, жамағатты шабыттандырды. Жеңімпаздарға сыйлықтар беріп, қасиетті ай ұлықталды.
Ауызашар дастарханының арнайы қонағы ҚМДБ Ақтөбе өкілдігі «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегұл Кушкарова ораза ұстаудың рухани және денсаулыққа пайдалары туралы айтып, аштықпен, шөліркеумен қатар ашуын тудыратын қандайда бір келеңсіз жәйттарға тап болса, «Мен оразамын» деп сабырға келу, нәпсіні тәрбиелеудегі үлкен жетістік екенін атап өтті.
Сектор жетекшісі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аузы берік жанды ауызашарға шақырып тамақ берген кісі – ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді», - деген хадисіне амал етіп, ауызашар дастарханын жайған ханымдарға алғысын айтып, шексіз сауапқа кенелулерін тіледі.
Кеш барысында, жастарға демеу болып, әрдайым қолдап жүретін,жамағаттың үлкендері, ақ жаулықты аналар: Сергазина Салиха, Кожина Сауле,Тулегенова Кунзира,Тастанова Айнұр, Султанова Фарида, Тастанбекова Айжан, Нұғыманова Мерейгүль, Сапарова.Гүлжамал, Арыкбаева Умит және Таукебаева Жанар Хромтау аудандық «Нұр» мешітінің Бас имамы Ерік Қонақбаевтың атынан Рамазаан айының құрметіне алғыс хатпен марапатталды.
Кеш соңында жамағат алғысын білдіріп, әжелер ақ батасын берді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі