«Халал Дамудың» Ақтөбедегі өкілі кәсіпорындарға Бас мүфтидің үндеуін жеткізді
ҚМДБ «Халал Даму» мекемесінің Ақтөбе облысы бойынша жауапты өкілі, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Алмат Әли Ақтөбе қаласында орналасқан тамақтану орталықытарын аралады.
Жақында ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Рамазан айына орай БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихатын өткізді. Қазақстан мұсылмандарына жасаған өз үндеуінде «Баршаңызды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қасиетті айда ұйымдастыратын қайырымдылық іс-шараларына үлес қосуға шақырамын. Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына жеңілдік жасауға үндеймін. Рамазан айына тура келген құдайы астарды ауызашар уақытында өткізіп, көбірек сауап алуға тырысайық. Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да – сауапты істің бірі. Бұл айда тек табысқа кенелуге емес, ең бастысы Хақтың разылығы мен халықтың алғысын алуға асыққан абзал. Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземіз» деді. Сондай-ақ дін мен дәстүрді сабақтастыру мақсатында кейбір діни сөздерді қазақша қолдануды тілге тиек етті. Мәселен, «мүбарак болсын», «ифтар», «сухур» сөздерінің орнына «құтты болсын», «ауызашар», «сәресі» деген сөздерді қолдануды ұсынған болатын.
Осыған орай Алмат имам кәсіпорындар мен тамақтану орындарындағы мәзірлер мен ауызашарға қойыатын астарды тексеріп, Бас мүфтидің үндеуін кәсіпорын ұжымдарына кеңінен түсіндіріп, өз ұсыныстарын айтты.
Айта кетсек, Бас мүфтидің үндеуін Ақтөбе облысының кәсіпорын иелері қолдайтынын айтты.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі