Ақтөбеде Рамазан айына байланысты баспасөз маслихаты өтті
Бүгін Ақтөбе облысының өңірлік комуникациялар қызметінде ҚМДБ Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Рамазан – мейірім айы» тақырыбында баспасөз маслихаты өтіп, оған Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев пен Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Махамбет Бисенов және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Облыстың Бас имамы ақтөбеліктер мен отандастарды берекелі де кешірімі мол тәрбие айы, он екі айдың сұлтаны Рамазан айының басталуымен құттықтады. Сонымен қатар ұлық айда мешіттерде атқарылатын шаралар жайлы атап өтті.
Рамазан айы – береке мен мейірімнің, сабыр мен сауаптың сабақтасқан уақыты. Оразада мұқтаж жандарды қолдап, қайырымдылыққа үлес қосатын, иманын бекемдейтін мереке.
«Кемелдік айы – бүкіл әлемдегі мұсылман қауым үшін рухани жаңару мен жаңғыру кезеңі.
Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Өйткені, ораза адамды тақуалыққа тәрбиелейді.
ҚМДБ 2025 жылды – «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп бекітті. Отбасы құндылығын сақтауда жүректегі ізгілік аса маңызды. Құран Кәрімде жүз алпысқа жуық аятта ізгілік туралы айтылған. Ал осы ізгілікке бастайтын теңдесіз ай – Рамазан айы. Біз оразамызды ұстау арқылы өзімізді күндіз тек ішіп-жеуден шектеп ғана қоймай, рухтың азығы, тәннің шипасына кез боламыз. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі яғни ізгілікке апарар жол.
Айлардың сұлтанында ұлықтау мақсатында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына жеңілдік жасау, құдайы астарды ауызашар уақытында өткізіп, көбірек сауап алуға тырысу, қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну, күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген үндеу жасады. Осы үндеуге баршамыз бір үйдің баласындай бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, үн қоссақ деймін.
Шарапаты мен шапағаты мол айда күнәлі істерден бас тартып, сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Алла Тағаланың разылығына бөленуге асығайық! Жаратушы Жаббар иеміз баршамыздың ізгі ниетімізді қабыл етіп, тұтқан оразамыз қабыл болғай! Жүздеріңіздегі – нұр, жүректеріңіздегі – иман арта берсін! Әлеуметтік жағдайы нашар жандар мен отбасыларға жәрдем беріп, осы мақсатта ұйымдастырылатын қайырымдылық акцияларына мүмкіндігінше атсалысып, жақсылықта жарысайық!
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты Мүфтилер алқасы жанындағы Пәтуа кеңесімен ақылдаса келе және ғылыми зерттеулер нәтижесін ескеріп, биылғы Рамазан айы 1 наурызда басталады деп бекітті. Ал наурыз айының 26-нен 27-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз – ораза айт мерекесі. Рамазан айына ғана тән құлшылық – тарауих намазы Оразаға бір күн қалғанда, яғни 28 ақпанда басталады.
Биыл пітір мөлшері 655 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды»,- деді Амантай Садиев.
Одан өзге облыстық орталық мешіттің наиб имамы Махамбет Бисенов орыс тілінде Рамазан айының құндылығына тоқталып, Бас имам ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен @MuftyatBot Telegram-боты іске қосылғанын айтты.
Telegram бот Рамазан айында пайдаланушылардың діни сұрақтарына жауап беру үшін арнайы әзірленді, ол шариғат мәселелері бойынша ақпарат беруге және кеңес ұсынуға арналған. Одан бөлек қолданушылар бот арқылы Рамазан кестесін жүктей алады. Жаңа Telegram боттың қосылу сілтемесі: https://t.me/muftyatbot
Одан өзге әр адам өзіне қажетті облыс, қала, аудан және ауылдың (барлығы 6000 елді мекен) ораза және намаз кестесін жоғары сапада pdf форматта muftyat.kz сайтынан https://www.muftyat.kz/kk/page/web/ramadan/ мына сілтеме арқылы жүктеп алса болады.
Ал жамағат пен тұрғындардың Рамазан айына байланысты сұрақтарына жауап беру мақсатында арнайы өкілдікте call центр онлайн, офлайн форматта жұмыс істейді. Сағат 10.00 мен 18.00 аралығында 8 7132 77 43 48 нөміріне қоңырау шалу арқылы имамдар мен ұстаздарға оразаға қатысты кез келген сауалдарын қоя алады.
Айта кетсек, ҚМДБ-ның төл телеарнасы республикалық «Мұнара» арнасында «Рамазан — ізгілік айы» атты жаңа бағдарлама жарық көреді. Аталған бағдарламаға Ақтөбе өкілдігінен қасиетті айдың ұлықтығын насихатауда сұхбаттар түсіріліп, эфирден беріледі. Одан өзге өкілдік атынан әр жұма күні авторлық «Жұмадағы жүздесу» бағдарламасында Рамазан айы туралы тағлымы мол, сауапқа жетелейтін хабарлар ұсынылады. Телеарна Отауда 20 арна, ID тв 23арна. Ал телефон не компьютер, ноутбук арқылы тікелей эфирден арнаның ютуб арнасынан көре аласыздар. Сілтеме: https://youtube.com/@munaratv
Брифинг соңында БАҚ өкілдеріне «Оразаға арналған 200 сұрақ», «Оразаға арналған 150 сұрақ» кітабы мен Рамазан кестесі табысталды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі