Елімізде тұңғыш рет Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірбаяны жыр үлгісінде жазылған кітап жарық көрді
Қасиетті Рамазан айында Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиевтің мұрындық болуымен, «Ер Едіге» жыр мектебі мен облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұйымдастыруымен «Шабыт» бизнес орталығында Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) өмірбаяны жыр үлгісінде жазылған еңбектің танытымы өтті.
Шараға имамдар мен ұстаздар, облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің «Әжелер» мектебі, «Шырайлым» қыз-келіншектер клубының мүшелері, зиялы қауым өкілдері, жыршылар, депутаттар және БАҚ өкілдері т.б қатысты.
Кітаптың авторы – ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Ер Едіге» жыр мектебінің жетекшісі Әділбек Сарин. Еңбекті толыққанды жазуға бес жыл уақыт кетеді.
«Пайғамбар жыры» елімізде тұңғыш рет Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғибратты өмір жолы қазақтың жыраулық дәстүріне сай жыр тілінде баяндалып жазылған кітап.
Шара барысында «Ер Едіге» жыр мектебінің шәкірттері жырдан үзінділер орындап, жыраулық өнердің тағылымды үлгілерін көпшілікке ұсынды.
Рухани мазмұнға толы бұл кеш ұлттық жыршылық дәстүрді дәріптеп, адамгершілік құндылықтарды насихаттауға бағытталды.
Сонымен қатар Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Боран Оңғарұлы Әділбек Саринге «Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев» атындағы мерекелік «Мерей» медалін, ал Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиевтің атынан алғыс хат пен сый сияпат табысталды. Ақтөбе қаласының Бас имамы Алмат Әли қазақы дәстүр бойынша автордың иығына шапан жапты.
«Адамзаттың асыл тәжі, екі дүниенің сардары болған Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың өнегелі өмірін терең тебіреніспен жырға қосып «Пайғамбар жыры» атты құнды туындыны дүниеге әкелуіңіз – имани мәдениетімізді жаңғыртқан, ұлттық жыр дәстүрін асқақтатқан игі іс.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғибратты ғұмырын поэзия тілімен өрнектеу арқылы Сіз өскелең ұрпақтың жүрегіне сүннетке деген сүйіспеншілік ұялатып, ел ішінде рухани жаңғыруға жол ашып отырсыз. Бұл – Ислам құндылықтарын насихаттаудағы және халқымыздың дәстүрлі діни санасын нығайтудағы зор еңбек.
Ақтөбе облысы мұсылмандарының атынан Сізге дінімізге, руханиятымызға сіңірген еңбегіңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін» делінген құттықтау алғыс хат мәтінінде.
Айтулы шараға арнайы Ақтау қаласынан жырау Бақтыбай Елеусінов келіп, жаңа кітаптың желісі бойынша жырды орындады. Ғибратқа толы кеште облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамдары Жексенбай Торбаев пен Нұрбол Смағұлов авторды жаңа туындысымен құттықтап, жаңа еңбектің қоғам үшін маңыздылығына тоқталып, Құранда ақындарға арналған сүре бар екенін айтып, оның тарихы мен мән мағынасын толық түсіндіріп өтті. ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Шалғынбай Жандасов «Бүгінгі күн тарихта алтын әріппен қалатын күн» деп құттықтау сөзін сөйледі.
Шара қорытындысы ҚМДБ-ның «MUFTIYAT» баспасынан шыққан кітаптардың жәрмеңкесі болды.
Бүгінгі «Кітап — білім бұлағы, білім — өмір шырағы» шарасында ҚМДБ баспасынан шыққан жаңа туындылар «Ислам энциклопедиясы 2-ші том», «Балаларға арналған пайғамбарлар қиссасы», «Құран інжулері» және Әділбек Сариннің «Пайғамбар жыры» кітабының лентасы қиылып, оқырманға жол тартты. Кітаптың лентасын Ақтөбе облысының бас биі Нұрлан Ізденұлы мен дін жанашыры Садақбай қажы Өтегенов кесті. Шараны Әділбек Сариннің шәкірті жыршы Жеңіс Елемесов жүргізді.
Кітап авторы мен ұйымдастырушылар БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі


































































