Ақтөбелік кәсіпкер аукцион арқылы 2250 Құранды уақып қылды
Құдық қазу, көпір салу, мектеп тұрғызу, емхана салу, мешіт тұрғызу, білім қалдыру, т.б. – бұның барлығы уақып істер.
Ислам дінінде уақып – сарқылмас сауап болып саналады. Мұсылман баласы жоғарыда аталған сауапты істер секілді халыққа пайдасын тигізетін игілік жасап, о дүниелік болып кетсе де артынан үзілмей сауап болып барып тұрады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Уақып» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен 8 қазан күні Алматы қаласында «Уақып – сарқылмас сауап» атты республикалық форум өтті.
Іс-шараның мақсаты – Қазақстанда уақып мәдениетін дамыту, қайырымдылық пен әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын кеңінен насихаттау, сондай-ақ дін мен қоғамның өзара ықпалдастығын арттыру болып табылады.
Форумда ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, исламдық қаржы магистрі Мұрат Қылышбай, танымал ұстаздар Арман Қуанышбаев, Ерлан Ақатаев және Дастан Құрманбаев спикер ретінде сөз сөйлеп, кәсіпкерлер мен ғалымдар, қоғам қайраткерлері және дін жанашырлары қатысты.
Форумға Ақтөбе өңірінен ҚМДБ «Уақып қоры» мекемесінің жергілікті жауапты маманы Жарасхан Әбдісаламов және Ақтөбелік кәсіпкерлер барды.
Іс-шара барысында Ақтөбеден барған кәсіпкер ағамыз өз қаражатына 2250 дана Қазақ баспасынан шығатын Құран кітабын сатып алып, ҚМДБ «Уақып қорының» атынан уақып етіп табыстады. Бұл игі амал аукцион бойынша жасалды. Аукцион нәтижесі бойынша 1 Құран кітабын 5000 теңгеге дейін көтеріп, жалпы 2250 Құранды сатып алды. Яғни 11 250 000 теңге.
Алдағы уақытта қасиетті кітаптар ел игілігі мен білім жолында таратылатын болады. Алла уақып қылған жомарт кісілердің игі амалдарын қабыл етіп, ақіретте артынан үзілмей барып тұратын сауаптардың қатарынан жазсын деп тілейміз.
Халқымыз: «Өзін ғана ойлаған,
Жамандықтың белгісі.
Өзгені де ойлаған,
Адамдықтың белгісі» дейді.
Аукцион бойынша мақалалар:
1) АУКЦИОНМЕН ЗАТ САТУҒА БОЛА МА?
https://nurgasyr.kz/p/aukcionmen-zat-satu-bola-ma
2) ШАРИҒАТ АУКЦИОНҒА ҚАТЫСУДЫ ҚҰПТАЙ МА?
https://nurgasyr.kz/p/shari-aukcion-atysudy-ptaj-ma













































