«Деструктивті діни ағымдармен жұмыс жасаудың әдіс-тәсілдері» атты семинар-тренинг өтті 2510

«Деструктивті діни ағымдармен жұмыс жасаудың әдіс-тәсілдері» атты семинар-тренинг өтті

22 ақпан 2023 196 Оқу 1 минут

Бүгін ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлының бастамасымен, «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында ҚМДБ бекіткен 5 бағыттың бірі – жат ағымнан сақтандыру туралы «Деструктивті діни ағымдармен жұмыс жасаудың әдіс-тәсілдері» атты діни қызметкерлерге арналған семинар-тренинг өтті. 

Аталған семинарды облыстың Бас имамы ашып, ислам діні және қазіргі қоғамдағы дін мәселелері оның ішінде ағымдар туралы сөз қозғады.

««Қандай халық болмасын тарихи үрдістердің негізінде қалыптасқан дәстүрлі құндылықтармен астасып өмір сүреді. Салт-дәстүр ұлттың бір мәдени қабаты ғана емес, сол халықтың төлқұжаты іспетті. Яғни, халық үшін оның салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы басты құндылықтардың бірі саналады.

Біз дәстүрлі құндылықтарды терістейтін өктем іс-әрекеттердің деңгейіне қарай деструктивті, яки болмаса экстремистік не террорлық деп сипаттама беріп жатамыз. Соңғы кезде осы теріс сипаттамаларға діннің аты қосақталатын бір үрдіс пайда болды. Яғни, «деструктивті діни ағымдар», «діни экстремизм», «діни терроризм» деген атаулардан көз сүрініп, құлақ тұнатын жағдайға жеттік. Әлбетте, басқа түскен індеттен қашып емес, шешіп қана құтыла аламыз. Олай болса, алдымен «деструктивті діни ағым», «діни экстремизм», «діни терроризм» ұғымдарының бір-бірінен қандай ерекшелігі бар екенін ажыратып алсақ», –деп Серікжан Еншібайұлы семинардың маңызыдылығына жіті тоқталды. Сонымен қатар әлеуметтік желідегі жат ағымнан сақтану жолдарында атады.

Ал Ақтөбе облысының дін істері басқармасының бөлім басшысы Мұрат Құлбергенов: «Дін істері басқармасы мен ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінің имамдары арасында бірге әрдайым ынтамақтастықта жұмыс жасап, нәжижелі түрде қызмет ете берейік. Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы, мақсатымыз – дін арасындағы татулық пен өңірдегі діни ахуалды тұрақтандыру»,-деді.

Одан өзге семинар-тренингте жат ағымға жауапты діни қызметкерлерге «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының басшысы Нұрсұлтан Берікұлы, «Ихсан» ҚБ орталығының директоры Мейірбек Қалманов, «Нұрдаулет» мешітінің ұстазы Ерсейт Оразханұлы дәріс жүргізді.

Спикерлер дін мен мемлекеттің арақатынасын баяндап, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтарына тоқталып, оңалту бағытындағы алдын алу жұмыстарына имамдардың белсене араласуы, дәстүрлі емес дін ағымдарды ажырату және оны жамағат арасында кеңірек насихаттау, деструктивті діни ағым ұстанушы азаматтардың радикалды діни көзқарасын бейтараптандыру және оларды оңалту мақсатында қолданылған әдіс-тәсілдер т.б мәселелерін қамтыды. Ал семинарға қатысушылар тақырыптар аясында спикерлерге сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды.

Айта кетсек, 30-қа жуық дін қызметкерлері қатысты.

Облыстың Бас имамы БАҚ өкілдеріне семинардың маңыздылығы туралы сұхбат беріп, семинар-тренинг жыл бойы жалғасын табатындығын айтты.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі