«Дархан дала»: Әйтеке би жамағаты Ырғыз өңіріне рухани-танымдық сапармен барды 6610

«Дархан дала»: Әйтеке би жамағаты Ырғыз өңіріне рухани-танымдық сапармен барды

04 тамыз 2026 21 Оқу 1 минут

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұлттық құндылықтар мен ішкі туризмді дамытуға бағытталған «Дархан дала» жобасы аясында Ақтөбе облысында кезекті танымдық шара өтті. Әйтеке би аудандық мешітінің бас имамы Ғабидолла Тілесұлының бастамасымен аудан жамағаты арнайы рухани-танымдық сапармен Ырғыз ауданына барды.

Сапардың басты мақсаты — өңірлер арасындағы бауырмашылықты арттыру, жамағаттың бірлігін нығайту және өлкенің тарихи-рухани мұрасымен танысу. Қонақтарды Ырғыз ауданының бас имамы Ғалым Идрисов және жергілікті жамағат қазақы қонақжайлықпен жылы қарсы алды.

Рухани сапар барысында Әйтеке би ауданынан келген делегация Ырғыз өңірінің келесі маңызды нысандарын аралады:

Көне Ырғыз мешіті: Қатысушылар 180 жылдық терең тарихы бар көне құлшылық үйінің өткенімен танысты.

Тарихи-өлкетану музейі: Ауданның бай тарихы, мәдениеті мен жәдігерлері туралы құнды мағлұматтар алды.

«Ырғыз–Торғай» мемлекеттік табиғи резерваты: Өңірдің ерекше экожүйесімен және өсімдіктер мен жануарлар дүниесімен танысып, табиғат әсемдігін тамашалады.

Басқосудың екінші бөлімі Ырғыз өзенінің жағасында, табиғат аясында жалғасты. Мұнда жамағат арасында бірлікті арттыратын түрлі спорттық және танымдық ойындар ұйымдастырылды. Әсіресе, пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірі мен ислам тарихына арналған «Адамзаттың асыл тәжі» интеллектуалды сайысы қатысушылардың білімін шыңдап, рухани серпіліс сыйлады.

Шара барысында Әйтеке би ауданының бас имамы Ғабидолла Тілесұлы мұсылманның қоғамдағы рөлі, өзара бауырмашылық, сыйластық пен ынтымақ тақырыбында уағыз-насихат айтты. Аймақаралық сапарлардың бауырластық байланысты бекемдеудегі маңызы жоғары екенін атап өтті.

Жиын соңында екі ауданның дін қызметкерлері мен жамағаты ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, игі шаралардың алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасын табуына тілектестік білдірді.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі