Ақтөбеде «Жат ағым жарға жығады» атты аймақтық семинар өтті
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде облыс имамдары мен дін қызметкерлерінің білімі мен кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған «Жат ағым жарға жығады» атты семинар ұйымдастырылды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облыстық өкілдігі мұрындық болған жиынға қала және аудан имамдары, сондай-ақ наиб имамдар қатысты.
Басқосудың негізгі мақсаты — дін қызметкерлерінің кәсіби деңгейін көтеру, дәстүрлі ислам құндылықтарын кеңінен насихаттау, қоғамдағы діни тұрақтылықты нығайту және теріс діни ағымдардың алдын алу жұмыстарын жетілдіру.
Семинарды Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев ресми ашып, қазіргі қоғамдағы жат ағымдардың қаупі мен олардың тигізетін зардаптарына тоқталды.
«Халықтың діни сауатын көтеру — әрбір дін қызметкерінің басты міндеті. Жамағатпен және жастармен жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Әлеуметтік желілердегі дәстүрлі ислам құндылықтарының насихатын күшейту маңызды. Тәжірибелік әдіс-тәсілдер талқылау және әдістемелік көмек ретінде бүгінгі семинар ұйымдастырылды» деді облыстың Бас имамы.
Жиын барысында РАНТ мүшесі, «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Жексенбай Торбаев пен аталған мешіттің ұстазы, облыс бойынша «Шариғат және пәтуа» бөлімінің жауапты маманы Талғат Аманов арнайы баяндама жасады.
Спикерлер дін қызметкерлеріне келесі бағыттар бойынша жан-жақты әдістемелік нұсқаулықтар берді: Жат ағым өкілдерімен деструктивті деңгейде жұмыс істеудің тиімді тәсілдері; Діни радикализм мен экстремизмнің алдын алу шаралары; Халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын сапалы ұйымдастыру; Интернет пен әлеуметтік желілердегі күмәнді діни ақпараттарды саралау жолдары.
Семинар аясында қатысушылар тұрғындар тарапынан жиі қойылатын діни сұрақтарға дәлелді әрі тұшымды жауап беру, жастардың діни иммунитетін қалыптастыру және ел бірлігін сақтау төңірегінде өзара пікір алмасып, тәжірибе бөлісті.
Жиын соңында алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың нақты жоспары бекітіліп, имамдарға халықпен ақпараттық-насихат шараларын одан әрі жандандыру бойынша нақты міндеттер жүктелді. Бұл басқосу аймақтағы діни тұрақтылықты нығайтуға септігін тигізетін маңызды қадам болды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі












































