Бақытжан Сатершинов: Дін қайраткерлерін ақтау – біздің міндет 786

Бақытжан Сатершинов: Дін қайраткерлерін ақтау – біздің міндет

30 тамыз 2021 193 Оқу 1 минут

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия және аталған комиссия аясында 11 жұмыс тобы құрылды. Бұл топтардың жұмысына еліміздегі жетекші ғылыми зерттеу институттарының, жоғары оқу орындарының ғылыми қызметкерлері – барлығы 57 адам тартылған болатын. Біз Дәстүрлі дін өкілдері – саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін зерттеу жұмыс тобының жетекшісі, Философия, саясаттану және дінтану институты Дінтану орталығының директоры, философия ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Сатершиновпен сұхбаттасып дін қайраткерлерін ақтау бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайлы білдік.

– Осы уақытқа дейін Мемлекеттік комиссияның қанша отырысы өтті? Қандай маңызды нәтижелерге қол жетті?

– 2020 жылдың 30 мамырында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай сөйлеген сөзінде Кеңес дәуірі тұсындағы «үлкен террор» мен зұлматтың қазақ халқы үшін болған орасан зардабын атап өтті. Ұлт тарихындағы ауыр трагедиямен сипатталатын бұл қаралы да қайғылы оқиғалар әр қазақ отбасын шарпыды, сана мен жүректе терең қатпарлы із қалдырды. Жаппай репрессияға ұласқан «қызыл қырғынның», «үлкен қырғынның» диірменінен жүз мыңдаған қазақстандықтар өткен, оның жиырма мыңы сотпен де, сотсыз да «үштіктің», «бестіктің» қаулыларымен өлім жазасына кесіліп, атылып кеткен. Бұл құрбандардың басым көпшілігі халқына қалтқысыз қызмет еткен ұлт қаймақтары болатын. Алаш ардақтыларын терең зерттеумен айналысып келе жатқан ұстазымыз Мәмбет Қойгелдиев айтпақшы, қуғын-сүргін қоғамды алға сүйрейтін үш топқа қарсы бағытталды: кәсібімен әлеуметті ұйытып отырған ауқатты, бай адамдарға қарсы, ақыл-ойымен ұлтты ұйыстыратын зиялы қауым өкілдеріне және көңілге сенім ұялатып, көркем мінезге тәрбиелейтін дін өкілдеріне, имамдар мен ишандарға қарсы бағытталды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнауында осы мәселелерді ескере отырып, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру үшін қуғын-сүргін құрбандарын толық анықтайтын Мемлекеттік комиссия құру қажеттілігін қадап айтты. Осындай шаралар арқылы Тәуелсіздігіміздің іргесін нықтап, жарқын болашаққа батыл қадам жасауға болатынын атап өтті. Көп ұзамай былтырғы жылдың 24 қарашасында Мемлекеттік комиссия құрылып, оны Мемлекеттік хатшы басқарып, құрамына 49 адам – мемлекеттік билік өкілдері, ғалымдар мен азаматтық қоғам қайраткерлері енді.

2020 жылдың 3 желтоқсанында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті. Комиссияның мақсаты – халықаралық тәсілдер мен стандарттардың негізінде материалдарды жан-жақты әрі кешенді зерделеп, соның негізінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын толығымен заңдық тұрғыда, ал жекелеген категорияларды саяси тұрғыда ақтау. Мәжіліс барысында 2020-2021жылдарға жұмыс жоспары талқыланып, комиссия қызметінің әдіснамалық негіздерін жасау, репрессияға ұшырағандардың әртүрлі категориясы бойынша арнайы жұмыс тобын құру тапсырылды. Комиссия жұмысына қатысы бар мемлекеттік және жергілікті атқару органдарына тапсырмалар беріліп, аймақтық комиссиялар жұмысын бастап кетті.

2021 жылдың сәуірінде Мемлекеттік комиссияның екінші отырысы болды. Онда жұмыс топтарының жұмыс барысында кездескен кедергілер, архивтердегі «құпия» және «аса құпия» құжаттарға қол жеткізу, «құпиясыздандыру» мәселелері, аймақтық топтармен жұмысты үйлестіру, топ мүшелерін қаржыландыру және т.б. түйткілді мәселелер сөз болды. 24 маусымда үшінші мәжіліс өтті, онда қуғынға ұшырағандардың мәліметтері базасын қалыптастыру, құрбандардың көмілген жерлерінің картасын анықтау, әртүрлі өңірлердегі комиссия жұмыстарының жалпы әдіснамалық ұстанымы, жұмыс нәтижелерін жариялау мәселелері талқыланды.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысы жоспарға сәйкес өтуде. Саяси қуғынға ұшырағандарды анықтау мен ақтау, адам мен азаматқа қарсы бағытталған бұл репрессияның заңнамалық, идеологиялық негіздерін айқындау, бұл құбылыстарды саяси, этикалық-құқықтық және гуманистік тұрғыдан сараптаумен сипатталатын бұл жұмыстың мейлінше күрделі де кешенді жұмыс екендігін атап өту керек.

– Мемлекеттік комиссия аясында әртүрлі категориялар бойынша 11 жұмыс тобы құрылған болатын. Соның бірі – өзіңіз жетекшілік ететін Дәстүрлі дін өкілдері – саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін зерттеу жұмыс тобы. Бұл топтың құрамы қандай? Қазірге дейін қандай жұмыстар атқарылды?

– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның Әдіснама жөніндегі кіші комиссиясы бар, ол Жобалық кеңсе құрып, комиссия жұмысының концептуалды, методологиялық мәселелерімен айналысады. Мұнан өзге Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысына қорытындылар дайындау, мұрағат көздері мен басқа да материалдарды жинау, зерттеу бойынша арнайы 11 жұмыс тобы құрылды. Соның бірі Дәстүрлі дін өкілдері – саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін зерттеу, қорытынды және ұсыныстар дайындау жөніндегі жұмыс тобы. Оның құрамына менен өзге танымал тарихшы-дінтанушы ғалымдар енген. Атап айтқанда, белгілі дінтанушы, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров, философия ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Юлия Шаповал. Біз саяси қуғынға ұшыраған дәстүрлі дін өкілдері дегенде, сол кездері тұрғылықты халықтың басым бөлігін құраған мұсылмандармен қатар, христиан дінінің өкілдерін де, буддистік монахтарды да қарастырамыз. Өйткені атеистік мемлекет ретінде КСРО жалпы дінге қарсы саясат жүргізді. Дінді мемлекетттік өмір түгілі, қоғамдық және жеке өмірден де ығыстырып шығару үшін мүмкіндігінше, барлық заңнамалық негіздер және мейлінше пәрменді идеологиялық машина қуатты түрде қолданылды.

Дінді мемлекеттен ажырату туралы, діни бірлестіктер және олардың мүлкі мен құндылықтарын тәркілеу жөнінде заң қабылдаудан бастап, әртүрлі қаулылар, бұйрықтар, нұсқаулықтар арқылы және арнайы ұйымдастырылған науқандар (мысалы, Казақстанда «сопы операциясы» немесе «ишандар ісі») арқылы, арнайы құрылған «Құдайсыздар қоғамы», «Қосшы», «Қызыл отау» ұйымдарының, «Жаңа мектеп», «Қызыл Қазақстан», «Лениншіл жас», «Әйел теңдігі» басылымдарының жүргізген барынша белсенді үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесінде дін қызметіне шектеу қойылды. Құдайға құлшылық жасау, діни жиналыстар мен мерекелер өткізу кеңестік жүйеге жат деп саналып, тыйым салынды, діни мектептер жабылды. Барлық шіркеулер мен мешіттер мемлекет меншігіне өткізіліп, мәдени-ағарту орындарына берілді, тіпті кей жерлерде мал қораға айналдырылды. Ғылыми атеизм міндетті пәнге айналды. Дін қызметкерлері, молдалар мен ишандар, тіпті олардың отбасы мүшелері сайлау құқығынан айырылып («лишенцы»), оларға қысым көрсетілді. Қазақстандағы большевиктік-сталиндік жүйе қазақ халқының ұлттық болмысы мен санасы, тілі мен дәстүрлі мәдениетімен қатар, ұстанған дініне де орасан зор нұқсан келтірді. Осының ауызша және жазбаша деректерін, архивтік және ғылыми құжаттарын тауып, анықтап, ақтап, есімдерін ұлықтап, есте қалдыру –біздің жұмыс тобымыздың міндеті. Қазіргі уақытта жұмыс тобының мүшелері Кеңес өкіметінің дінге қарсы саясатына қарсы библиографиялық жұмыстарды аяқтап, тікелей архив мәліметтерін анықтаумен айналысуда.

– Саяси қуғын-сүргін құрбандарының біразы 50-жылдары ақталған болатын. Алайда әлі күнге ақталмаған тұлғалар жоқ емес. Оларды табу, зерттеп-зерделеу қалай іске асып жатыр?

– Жалпы бұрынғы КСРО территориясында орын алған жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үдерісі миллиондаған адамдарды саяси, әлеуметтік, ұлттық және діни белгілеріне қарай әміршіл-әкімшіл және қылмыстық заңсыз қудалауға ұшыратып, адамзат тарихындағы ең ауыр қылмыстарды арқалаған Сталиннің өлімінен кейін-ақ басталғанын ескеру қажет. Қоғамның ішінара демократиялануымен, құқықтық тәртіп пен заңдылықтың жаңғырып, орнығып, қалпына келтірілуімен сипатталатын «Жылымық» деп аталып кеткен бұл кезеңде «жеке басқа табынушылық» пен жаппай заң бұзушылық әшкереленді. Өткенді саяси және құқықтық тұрғыда қайта пайымдау іске асты, алайда реабилитацияның кейбір қырын қамтыған әрқилы партиялық шешімдер мен нормативтік актілер болғанымен, оны тұтастай қарастыратын бірыңғай заң болмады. Сондықтан ақтау үрдісі жариялылық пен жүйеліліктің жоқтығы себепті жасырын әрі шала жүзеге асты. Ең алғашқы осындай жасырын актінің бірі (ХХ ғасырдың 80-жылдары ғана жария болды) 1953 жылдың 1 қыркүйегінде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «КСРО Ішкі істер министрлігіндегі төтенше жиналысты жою туралы» Жарлығы ОГПУ шешімдерін, НКВД-УНКВД үштігінің, КСРО НКВД-МГБ-МВД жанындағы төтенше жиналыс шешімдерін Бас прокурордың қарсылығымен Жоғары Сотқа қайта қарау мүмкіндігін берді. Ақтауды жасырын өткізудің өзіндік себептері (мемлекет мүддесіне сай) болды және іс материалдарымен танысуға шектеу болды.

Ақтау шаралары қылмыстық-процессуалдық заңдылық бойынша жүзеге асты. КСРО Бас прокурорының (немесе оның орынбасарының) қарсылық жазбасы КСРО Жоғары Сотының Әскери коллегиясына тапсырылып, сонда жоғарыда атлған органдардың шешімі жойылды немесе істі тоқтату туралы шешім қабылданды. Қайта қарайтын іс өте көп болғандықтан, 1954 жылдың 14 тамызында КСРО ЖКП Жарлығымен одақтас және автономиялы республикалардың Жоғары соттары, облыстық, автономиялы облыстық және өлкелік соттардың құрамында президиумдар құрылып, қайта қарау құқығы соларға берілді. Коллегиялардың қайта қарауының нәтижесінде ақталушы адамның қимылында қылмыстық құрам жоқ деген шешім шығарылды. Ал жазықсызды соттаған жазықтыларға қатысты іс қозғау туралы мүлдем сөз болмады. Бұл кезеңде, яғни 1954 жылдан 1957 жылдар аралығында от 300-ден 600 мыңға дейін, жалпы Хрущевтің басқаруы тұсында 800 мыңнан 2 миллионға дейін адам ақталған.

Кеңестік кезеңдегі реабилитациялық үдерістің себептерін зерттеушілер мыналармен түсіндіреді: партия мен елді басқарудың диктаторлық әдісінен шамалы да болса өркениеттік тәсіліне көшірудің объективті пісіп-жетілген қажеттілігі; соғыстан кейінгі жеңімпаз кеңес халқының өз-өзіне деген құрметінің оянып, өз құқықтары мен еркіндіктерін талап ете бастауы; Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін әлемдегі саяси ахуалдың өзгеруі, БҰҰ-ның құрылуы, 1948 жылы Адам құқықтары мен еркіндіктерінің жалпы декларациясының қабылданып, оның кеңестік құқыққа ықпал етуі; партия жетекшілігінің өз билігін сақтап қалуы үшін заңсыздыққа кінәлілерді айыптауы және т.б.

Сөздің шынайы мағынасындағы реабилитацияның құқықтық және заңнамалық негізде жүзеге асуы 1989-1991 жылдары орын алды, атап айтқанда мына жарлықтардың негізінде: 1989 жылдың 16 қаңтарындағы «30-40 және 50-жылдардың басында орын алған репрессия құрбандарына қатысты әділеттілікті қалпына келтіру бойынша қосымша шаралар туралы» КСРО ЖКП Жарлығы, 1989 жылдың 14 қарашасында «Мәжбүрлеп жер аударуға ұшыраған халықтарға қарсы репрессиялық актілерді заңсыз деп тану мен олардың құқықтарын қамтамасыз ету туралы» КСРО ЖК декларациясы; 1990 жылдың 13 тамызындағы «20-50 жылдардағы саяси репрессиялардың барлық құрбандарының құқықтарын қалпына келтіру туралы» КСРО Президентінің Жарлығы, сонымен қатар 1993 жылдың 14 сәуіріндегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы және т.б. 2016 жылы ашылған Ішкі істер министрлігі сайтында репрессияға ұшырап ақталғандардың саны 110 мыңнан асады.

Алайда, бұл тұста ескеретін біршама мәселелер бар. Ақталғандардың саны белгілі, бұлар негізінен кезінде РСФСР 1926 жылғы Қылмыстық кодексінің 58 және 59-баптарының «контрреволюция», «антисоветтік насихат пен әрекет», «шпионаж» және т.б. тармақтары бойынша сотталғандар. Дәстүрлі дін өкілдерін, әсіресе имамдар мен ишандарды арнайы науқан ұйымдастыру арқылы салық төлемегені үшін деген және т.б. баптармен де соттаған. Ал сотсыз атылып кеткендер қаншама. Біз Шәкәрім қажы сияқты танымал адамдардың жағдайын білеміз, ауызша айтылып жүрген уақиғалар қаншама. Қылмыстық істерден өзге ашаршылық пен босқынға ұшырағандарды да репрессия құрбандары санатына енгізу қажет. Мысалы, Абдусаттор Нуралиевтің «Тәжікстандағы қазақтар» еңбегінде сол елдің «Шахидон» атты мекенінде дін үшін 500 қызыл іскермен шайқасып, шейіт болып кеткен 30 қазақ азаматы туралы айтылады, қазақ жерінен қудаланып, Тәжікстанда дін ғұламалары ретінде танылған Алимұхаммед ахун (Аппақ ишанның баласы), Бабай ишан (түбі сырдариялық тереңөзектік), Сағидолла молда (түбі ақтөбелік) туралы мәліметтер беріледі. Сондай-ақ Мысыр мен Саудияда танымал болған Тарази туралы ақпараттар белгілі. Мұнымен ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Нұр-Мүбарак университеті Әбу Ханифа ғылыми-зерттеу орталығының директоры Шамшәдин Керім өңірлік комиссия мүшесі ретінде зерттеумен айналысып жүр. Осы кісінің жетекшілігімен дінтанушы Темур Аманқұл «Кеңестік дәуірдегі Қазақстандағы ислам» атты докторлық диссертация сәтті қорғалғанын айта кету керек.

Қазақстанда 1920-1930 жылдары 300-ден астам көтеріліс болса, солардың көпшілігінің басында қожа молдалар мен имам, ишандар тұрды (мысалы, Қызылордадағы Ақмырза ишан көтерілісі, Созақтағы «Аллаһу» көтерілісі және т.б.). Тағы айта кететін нәрсе, биылғы ақпан айында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алматыда «Тәуелсіздік және Ислам» атты ғылыми конференция ұйымдастырды. Сол мәжіліс барысында да келелі мәселелер қарастырылып, ұтымды ұсыныстар айтылды. Осының барлығы комиссияның жұмысы барысында ескеріледі.

– Жоғарыда өңірлік комиссия мүшелерінің де осы бағыттағы зерттеулермен айналысып жүргенін айтып қалдыңыз. Құрбандарды ақтау мақсатында өңірлерден 17 комиссия құрылған болатын. Өңірлік комиссиялар өзекті материалдар ұсына алып жатыр ма?

– Қазақстанның әкімшілік-территориялық бөлінісіне сәйкес, 14 облыс орталығы мен республикалық дәрежедегі 3 қаладан (Нұрсұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан) аймақтық комиссиялар құрылды. Біздің жұмыс тобымыз бойынша зерттеуші ғалым Рахым Бекназаровтың Ақтөбе облысының өңірлік комиссиясымен тығыз бірлесе жұмыс жасауының нәтижесінде 25 ақталмаған дін өкілінің тізімі анықталды. Солтүстік Қазақстан облысының өңірлік комиссиясының жұмысы барысында мұсылман діні өкілдерімен қатар, ақталмаған христиан діні қызметкерлері де айқындалып отыр. Сондай-ақ халықаралық «Мемориал», ресейлік «Открытый список» іздеу сайттарымен жұмыс барысында Ресей территориясында (мысалы, Орал аймағында, Таулы Алтайдың Қосағаш ауылында) имамдық қызмет атқарып, қудалауға ұшыраған қандас бауырларымыз табылды.

– Ғалымдардың зерттеу жұмыстарын жүргізуі үшін мемлекет тарапынан қолайлы жағдайлар туғызылды ма? Жабық архивтердегі материалдарға қол жеткізу мүмкін болды ма?

– Ғалымдардың зерттеу жұмыстарын жүргізіп, архивтерде жұмыс істеуі үшін өздерінің негізгі жұмыс орынындағы жүктеме азайтылғанымен, айлық жалақылары сақталуда. Жұмыс топтарының мүшелерінің жүргізген ғылыми зерттеулері бағдарламалық-нысаналы жоба тарапынан қосымша қаржыландырылады, ал өңірлік комиссия мүшелерін жергілікті бюджет тарапынан қаржыландыру көзделген. Архивтерде комиссия жұмысы үшін арнайы кабинеттер жабдықталған. Яғни қажетті жағдай жасалған. Тек жабық архивтерге қол жеткізуге байланысты ішкі нормативтік заңдардан туындайтын кедергілер бар, бірақ олар құжаттарды құпиясыздандыру барысында жойылады деген ойдамын.

– Мемлекеттік комиссияның бір отырысында министр Ақтоты Райымқұлова Саяси қуғын-сүргін құрбандары жөнінде арнайы Архив қорын және Ұлттық жад институтын құру жөнінде айтқан болатын. Бұл қор мен институт қандай бағытта жұмыс істейді?

– Бұл мәселе қазір қолға алынуда. Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы мәліметті біз мемлекеттік орталық архивтермен қатар, мемлекеттік облыстық, қалалық және аудандық архивтерден, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік архивтер мен олардың департаменттерінің архивтерінен алып отырмыз. Арнайы ведомстволық архивтердегі құжаттар араласып кеткен, мысалы ҰҚК архивіндегі құжаттардың бір бөлігі ІІМ архивіне өткен, жүйелеу қажет. Яғни мәліметтер шашыраңқы және құжаттардың сапасы сын көтермейді, ескірген, тозған, оқылуы нашар. Оларды цифрландырудан өткізу керек. Аталған тақырыптағы архив құжаттарын бір архивке жинақтау жұмысы жүргізілуде. Сонымен қатар бұл жұмыс ұзақ мерзімді ыждаһаттылықты және арнайы кәсіби біліктілікті талап ететіндіктен тұрақты қызмет ететін Ұлттық жады институтын құру мәселесі көтерілуде. Өткеннің тарихи тағылымынсыз, сабағынсыз болашаққа бағдардың қиын болатынын ескерсек, біз де министр Ақтоты Райымқұлованың бұл ұсынысын қолдаймыз.

– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бір-екі жылда аяқталмайтын іс. Бұл жұмыс қанша уақытқа дейін созылуы мүмкін?

– Бұл жұмыс топтарының қызметі әзірге 2023 жылға дейін созылады деп жоспарлануда, бірақ онымен іс бітпейді, Ұлттық жады институтында жалғасуы мүмкін. Оған қоса бұл арнайы мамандар мен ғалымдардың ғана мойнындағы шаруа емес, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезінетін қоғамның әрбір мүшесінің алдындағы парыз. Сондықтан осы сұхбатты пайдалана отырып, «Мұнара» газетінің оқырмандарынан ХХ ғасырдың 20-30-40-50 зобалаң жылдары қуғындалған, яғни сотталып, атылып, айдалып, ауа көшіп кеткен қожа, молдалар, имамдар мен ишандар туралы, тәркіленген немесе жойылған қасиетті орындар мен мешіттер жөнінде редакция арқылы мәлімет беруін сұраймыз. Ол мәліметте қудаланған дін өкілінің туған жылы мен жері, кәсібі мен сотталған бабы мен уақыты, ақталған немесе ақталмағаны туралы ақпараттың болғаны маңызды. Осылайша, бұл сауапты да жауапты іске әркім өз үлесін қоса алар еді.

Сұхбаттасқан Серікбол ХАСАН

«Мұнара» газеті, №15, 2021 жыл