Мешіт жамағаттары арасында футболдан турнир өтті
Ақтөбе қалалық орталық мешіті мен «Ихсан» орталығының ұйымдастыруымен қала мешіттері жамағаты арасында футболдан жарыс ұйымдастырылды.
Жамағат арасындағы ауызбіршілік пен бауырластықты арттыру мақсатында өткен турнирге қаламыздағы 12 мешіттің жамағаты қатысып, өзара бақ сынады.
Тартысты өткен жарыс қорытындысы бойынша жүлделі үшінші орынды «Анашым» мешітінің жамағаты иеленсе, екінші орын Ақтөбе қалалық орталық мешітінің жамағатына бұйырды. Ал жарыстың бас жүлдесі мен бірінші орынды облыстық «Нұр-Ғасыр» мешітінің жамағаты жеңіп алды.
Жүлдегер командалар кубок, медальдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар жарыс барысында үздік ойын көрсеткен қатысушыларға арнайы номинациялар табысталды. Атап айтқанда, «Үздік ойыншы», «Үздік шабуылшы» және «Үздік қақпашы» аталымдарының иегерлері анықталып, оларға да ақшалай сыйақылар берілді.
Жамағаттың бірлігі мен өзара ынтымағын нығайту мақсатында ұйымдастырылған бұл шара қатысушылардың көңілінен шығып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.













































