Аудандық мешіт күрделі жөндеу өтті 451

Аудандық мешіт күрделі жөндеу өтті

06 қаңтар 2021 202 Оқу 1 минут

Кеше, Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданындағы орталық мешіт бірнеше айға созылған күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін жамағатқа есігін қайта ашты. Алла үйінің ашылу салтанатына Ақтөбе облысының Бас имамы Төлеби Оспан, Ырғыз ауданының әкімі Әділгерей Әуелбеков және ауыл ақсақалдары мен жамағаты қатысты. 

Алғаш болып сөз алған аудан әкімі Әділгерей Сағидоллаұлы тұрғындарды ұлтаралық татулыққа үндеп, жастарды игілік пен ауызбіршілікке бастайтын имандылық үйін қайта қалпына келтірген жерлестеріне ризашылығын білдірді. Атсалысқан азаматтарды өз атынан марапаттап, алғыс хат табыстады.

Жиналған жамағат алдында Бас имам Төлеби қажы Дәділұлы Алла жолында мешіт тұрғызудың сауабы жайлы насихат айтып, мешіттің күрделі жөндеу жұмыстарына демеушілік жасаған барша Ырғыздық ағайынға: «Бас мүфти бастамасымен діни басқарманың 30 жылдық мерейтойы қарсаңында бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. Солардың қатарында халықтың демеушілігімен Ақтөбеде 6 мешіт күрделі жөндеуден өтті. Бүгін ынтымағы жарасқан Ырғыз жамағаты үлкен іс бітірді. Аудандық мешітті адам танымастай етіп өзгертіп, заманауи талаптарға сай жабдықтады. Алла Елшісі (с.ғ.с.) өзінің сүйінші хабарларында «Алла Тағала үшін қаланың өте жақсы орындары – мешіттері», - деген. Сіздер Ырғыздағы ең көрікті орынды абаттандырып, қалпына келтірдіңіздер. Ауылдағы және сыртта жүрген барша ағайын осы сауапты істен құр қалмады. Барлығы да шама-шарқының жеткенінше қол ұшын берді. Баршаңызға Алла разы болғай!», - деп алғысын білдірді.

Аудандық мешіттің іші мен сырты толықтай жөндеуден өтіп, жиһаздары жаңартылды. Әйел жамағатына арналған намазхана қарастырылған. Бұрын дәретхана сыртта болған болып, жамағат қиналатын еді. Енді міне, заман талабына сай ерлер мен әйелдерге арналған дәретхана да салынды. Мұның барлығы да Ырғыздық ағайынның ауызбіршілігінің арқасында жүзеге асып отыр. Бұрыңғы бас имам Әділбек Тұяқбаевтың уақытында басталған бұл жұмыстар қазіргі бас имам Ардақ Әбдірамановтың уақытында ел игілігіне тапсырылды. Жамағатты сауапты іске жұмылдыра білген қос бірдей имамға және атсалысқан барша ағайынға Алла разы болсын! Жаңа мешіттің ішін жамағатқа толтырып, мешітке келушілердің үлгігі жамағат болуын Жаратқан Ием нәсіп етсін!


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің 

баспасөз қызметі