Ақтөбе имамдары Президенттің жолдауына үн қосып, “Таза Қазақстан” акциясы аясында тал екті 6302

Ақтөбе имамдары Президенттің жолдауына үн қосып, “Таза Қазақстан” акциясы аясында тал екті

25 сәуір 2026 105 Оқу 1 минут

Еліміздің тәуелсіздігіне 35 жыл толуына орай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауына сәйкес, сондай-ақ ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы тапсырмасымен республика көлемінде барлық мешіттерде 35 000 ағаш көшеттерін отырғызу акциясы өтті.

Осы игі бастама аясында Ақтөбе облысының бас имамы Амантай Садиев бастаған қала, аудан және ауыл мешіттерінің имамдары, жамағаттары және жастар секторының мүшелері Ақтөбе триатлон саябағы мен аудан орталықтарындағы саябақтарға 800-ден астам жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызды. Оның ішінде ҚМДБ “Жастар ісі” секторы жастардың атынан арнайы 100 түп көшет отырғызды. Сонымен қатар бұл шараға облыс әкімдігі, мемлекеттік қызметкерлер, еріктілер мен түрлі сала мамандары да белсенді түрде қатысып, бірлік пен жанашырлықтың үлгісін көрсетті.

Шара барысында қоршаған ортаны қорғау – ислам дінінің де маңызды қағидаларының бірі екені кеңінен насихатталды. Қасиетті Құранда: «Адамдардың қолымен істегендері себепті құрлықта да, теңізде де бұзақылық пайда болды...» («Рум» сүресі, 41-аят) деп, табиғатқа жауапкершілікпен қарау қажеттігі ескертіледі.

Қазақ халқы да табиғатты аялауды ежелден өсиет еткен. «Бір тал кессең, он тал ек» деген нақыл сөз – бүгінгі экологиялық бастамалардың мәнін айқындайтын терең ұстаным.

Сондай-ақ Пайғамбарымыз Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) хадисінде: «Қиямет қайым болатынын білсеңдер де, қолдарыңда бір тал көшет болса, оны отырғызып үлгеріңдер» деген. Бұл хадис әрбір мұсылманның табиғатқа жанашырлықпен қарап, игі іс жасауға әрдайым дайын болуы керектігін көрсетеді.

Бүгінде экология мәселесі – тек бір елдің емес, бүкіл адамзаттың ортақ мәселесіне айналып отыр. Климаттың өзгеруі, ауа мен су ластануы, жасыл желектің азаюы – болашақ ұрпақтың өміріне тікелей әсер ететін маңызды факторлар. Сондықтан мұндай игі шаралар қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғатты қорғау жауапкершілігін арттыруға үлкен үлес қосады.

Ақтөбе имамдарының бұл бастамасы – дін мен дәстүрді ұштастыра отырып, қоғамға пайдалы істерге жұмылудың жарқын үлгісі болды.