Қарттар үйіне құрбандық еті таратылды 6409

Қарттар үйіне құрбандық еті таратылды

29 мамыр 2026 23 Оқу 1 минут

Құрбан айт мерекесіне орай Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің ұйымдастыруымен «Құрбан айт – қайырымдылық көпірі» атты игі шара өтті.

Игі шара аясында қарттар үйіне арнайы құрбандық еті таратылып, мереке қарсаңында қарияларға құрмет көрсетілді.

Шараның басты мақсаты – қоғамдағы жанашырлық пен мейірімділікті насихаттап, үлкендерге қамқорлық таныту.

Қайырымдылық шарасы барысында Шалқар ауданының бас имамы Абзал Медетбеков қарттарды Құрбан айт мерекесімен құттықтап, бұл мейрамның рухани маңызына тоқталды.

«Құрбан айт – адамдарды өзара бауырмалдыққа, мейірімділік пен қамқорлыққа үндейтін ұлық мереке. Қарттарға құрмет көрсету – халқымыздың ізгі дәстүрі. Бүгінгі шара арқылы қарияларымызға аз да болса қуаныш сыйлап, ақ баталарын алуды мақсат еттік», – деді ауданның бас имамы.

Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен елімізде қайырымдылық шараларына ерекше көңіл бөлініп келе жатқанын атап өтті.

Шара барысында құрбандық еттері қарттар үйіне табысталып, қарияларға ақжарма тілектер айтылды. Ал қариялар мешіт ұжымына алғыстарын білдіріп, ел амандығы мен жұрт тыныштығына дұға жасады.

Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі