«Араб әріптерінің махраждары мен сипаттары» атты практикалық сабақ ұйымдастырылды 4996

«Араб әріптерінің махраждары мен сипаттары» атты практикалық сабақ ұйымдастырылды

17 қараша 2025 123 Оқу 1 минут

Ақтөбе қаласында «Бақытжан» мешітінде «Араб әріптерінің махраждары мен сипаттары» атты практикалық сабақ өтті.

Мешіт шәкірттеріне арналған сабақта ұстаз Анар Қойшығұлова Құран аятындағы: «وَرَتِّلِ الْقُرْآنَ تَرْتِيلًا» — «Құранды анықтап, тәртилмен оқы» (Мүззәмміл, 4) деген әмірді басшылыққа ала отырып, Құран оқудағы әрбір дыбыстың дұрыс шығуы мен хадари мәнердің маңызын егжей-тегжейлі түсіндірді.

Дәріс барысында ұстаз әр әріптің махражын көрсетіп, сипатының Құран оқуына қалай әсер ететінін практикалық түрде үйретті. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен салауаты болсын) :«Құранды әдемі дауыспен көркемдеп оқыңдар» (хадис: Бұхари) деп өсиет еткенін атап өтіп, көркем оқу – мұсылманның Құранға деген құрметінің көрінісі екенін айтты.

Сонымен қатар сабақта доктор Айман Рушди Суейдтің «Көрнекі тәжуид» еңбегіндегі кестелер мен плакаттар пайдаланылып, әріптердің бір-бірімен ұқсастығы мен айырмашылықтары түсіндірілді. Ал шәкірттер ұстаздың артынан қайталап, әр дыбысты нақты, қате жібермей айтуға машықтанды.

Практикалық кезеңнен кейін қатысушылар өз сұрақтарын қойып, Құран сүрелерінен мысалдар талқыланды. Шәкірттер тарапынан белсенділік танытылып, Құранды дұрыс оқуға деген ынта ерекше байқалды.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі