Ақтөбе: «Береке бастауы — Құрбан айт» атты рухани кеш өтті 6394

Ақтөбе: «Береке бастауы — Құрбан айт» атты рухани кеш өтті

27 мамыр 2026 40 Оқу 1 минут

Ақтөбе қалалық орталық мешітінде қасиетті Құрбан айт мерекесін ұлықтау, халықтың айтқа қатысты діни танымын тереңдетіп, рухани түсінігін нығайту мақсатында «Береке бастауы — Құрбан айт» атты тағылымды рухани кеш өтті.

Ізгілікке жол бастар шара қасиетті Құран Кәрімнің «Саффат» сүресінің 102–111 аяттарын оқумен ашылды. Одан кейін аталған мешіттің наиб имамы Қанат Қасымов аталған аяттардың мән-маңызы мен ғибратты қиссасын кеңінен баяндап, Ибраһим пайғамбардың (а.с.) сынағы арқылы құрбаншылықтың ұлы мәнін түсіндірді.

Шара барысында Құрбан айттағы ниет пен ықыластың қадірін дәріптеу мақсатында «Нұрлы жүрек» тәжуид тобының қыздары әсерлі көрініс қойып, көрермен көңіліне рухани ой салды. Сонымен қатар жастар арасында діни сауатты арттыруға бағытталған тағылымды фактчекинг айдары ұйымдастырылды.

Мешіт ұстазы Айзат Қобланқызы «Құрбандық шалу — берекетке себеп» тақырыбында танымдық уағыз айтып, құрбаншылықтың қоғамдағы мейірім мен жанашырлықты арттыратын сауапты амал екенін насихаттады.

Құрбан айт мейрамындағы туыстық байланыстың қазақ халқы үшін айрықша маңызға ие екені, сондай-ақ қадірлі қонаққа табақ тарту дәстүріндегі ет мүшелерінің мәні жайында Құран тобының шәкірті, көпшілікке даналығымен танылған «Әжелер» тобының мүшесі Рая Қобланова  суретті түсіндірме арқылы жастарға баяндады.

Кеш барысында Айсаулина Рада «Не пайда?» атты термені орындап, рухани кештің мазмұнын тереңдете түсті. Ал сергіту сәтінде көрермендер арасында Құрбан айтқбайланысты діни-танымдық викторина ұйымдастырылып, көпшілік белсенділік танытты.

Тағылым мен тәрбиені ұштастырған бұл рухани кеш жамағатқа Құрбан айттың қадір-қасиетін терең сезіндіріп, ұлттық дәстүр мен діни құндылықтың өзара сабақтастығын айқын көрсетті.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі