Қала мешіттерінің молдаларына семинар ұйымдастырылды
Ақтөбе қалалық орталық мешітінде «Qamqor-sharapat» салттық қызмет көрсету орталығының қызметі аясында діни жоралғыларды атқару мәселелері бойынша қала мешіттерінің молдаларына арнайы семинар өтті.
Аталған семинардың мақсаты – қала молдаларының біліктілігін арттыру, діни рәсімдердегі бірізділікті және халыққа көрсетілетін діни қызметтің сапасын жақсарту.
Семинар барысында қаланың Бас имамы Алмат Әли шараның негізгі мақсатын түсіндіріп, «Дін қызметкерлері орындаған әрбір діни жоралғы – жамағаттың сенімі мен жауапкершілігін талап ететін маңызды міндет. Сондықтан жаназа, жерлеу, құдайы ас сияқты рәсімдер шариғат талаптарына сай, бірізділікпен және қателікке жол бермейтін кәсіби деңгейде орындалуы тиіс. Осы бағытта барлық молдалардың білімін жетілдіріп, ортақ тәртіппен жұмыс істеуі – біздің басты мақсатымыз», – деп атап өтті.
Сондай-ақ семинарда өңірдегі жаназа шығару, мәйіт жуу, жерлеу, құран бағыштау, ас беру сияқты діни және дәстүрлі рәсімдердің жүйелі әрі шариғатқа сай өтуін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар талқыланды. Молдаларға аталған рәсімдерді орындаудағы жауапкершілік, дұрыстық, жамағатпен жұмыс істеу мәдениеті және салттық қызмет көрсету орталығымен үйлесімді әрекет ету туралы нақты түсіндірмелер берілді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі









































