«Адамзаттың абзалы, үмбеттің шамшырағы – Мұхаммед » атты кеш өтті 4882

«Адамзаттың абзалы, үмбеттің шамшырағы – Мұхаммед » атты кеш өтті

27 қыркүйек 2025 300 Оқу 1 минут

Бүгін Ақтөбе қалалық орталық мешітінде әйел жамағатына «Адамзаттың абзалы, үмбеттің шамшырағы – Мұхаммед» атты Мәуліт кеші өтті.

Шара Алланың кәламынан бастау алып, қасиетті Құран аяттары оқылды.

Ақтөбе қаласының Бас имамы Алмат Әли жамағатты Мәуліт айымен құттықтап, Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірі туралы уағыз айтты.

Рухани кеште шәкірттер пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінен сыр шертетін жыр орындады. Сонымен қатар мешіт ұстаздары Гүлжайнар Мұсақызы мен Айзат Қобланқызы Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) берілген ерекшеліктер, Оның түр-тұлғасы, мінез-құлқы және отбасымен қарым-қатынасына тоқталды.

Кешке арнайы шақырылған қонақ ұстаздар – «Әйел-қыздар» секторының Ақтөбе облысы бойынша жетекшісі, «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Кенжегүл Қошқарова және РАТТ мүшесі, «Бақытжан» мешітінің ұстазы Ақтолқын Тажикова да Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғибратты ғұмырынан мысалдарды тілге тиек етіп, амал ету жолдарын ұсынды.

Іс-шара барысында сұрақ-жауап ұйымдастырылып, белсенді қатысушыларға сыйлықтар тарту етілді.

Сауабы мол игі шара қортындысында адамзаттың идеалының (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүйікті асынан көрме өтті. Мерекелік шараға арнайы тәтті нан жасалып, оның ішінен салауат қағазы жасырынып, тәтті нанды кесу арқылы, салауат қағазы үлестірілді. Бұл сүннет амалды атқаруға үндеу жолы болды. Одан өзге қатысушылар сүннет амалдың бірі ретінде жанында отырған көршілеріне Алла разылығы үшін жақсы көретінін айтты.

Қатысушылар ұйымдасырушыларға алғысын білдірді. Ақтөбе облысындағы Мәуліт кеші бүгінгі шарамен қорытындыланды.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі