«Құран – асыл тәжім» атты рухани кеш ұйымдастырылды 3159

«Құран – асыл тәжім» атты рухани кеш ұйымдастырылды

22 желтоқсан 2023 3027 Оқу 1 минут

ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде «Құран – асыл тәжім» атты рухани кеш өтті.

Ғибратқа толы кешті «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Ақмарал Ерболатова Қасиетті Құран Кәрімнің «Рахман» сүресін оқып ашты.

«Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Кушкарова Құран оқудың маңыздылығы және екі дүниедегі сауабы туралы насихат айтып, осы оқу жылының алғашқы үш айлық деңгейін тестілеу нәтижесінде жоғары көрсеткішке жеткен шәкірттерге алғысын білдірді.

Мешіт жанындағы әйелдерге арналған сауат ашу курсының шәкірттері дайындаған тәлімге толы көріністер көрермендер көңілінен шықты.

Ал Индира Бактыбаева мен Ақжол Улыбек сынды шәкірттер Пайғамбарымызға (с.ғ.с) деген сағынышын әнмен жеткізді.

Сонымен қатар қатысушыларға түрлі интерактивті ойындар мен діни сұрақтар қойылып, жеңімпаздар марапатталды.

Шара соңында Құран Кәрім оқу дәрежесіне жетіп, қарилыққа қадам басып, емтиханнан сүрінбей өткен шәкірттер ортаға шақырылып, ахыретте Алла Тағала нұрлы тәж киюін нәсіп етсін деген ниетпен ұстаздар 40 шәкіртке тәж кигізді.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі