28 баланы тәрбиелеп отырған ерекше отбасыны айтпен құттықтады
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бекіткен Рамазан айының жоспарына сәйкес Ақтөбе облысы «Әйел-қыздар» секторыны «Жетімнің жағдайын жақсартатын адамға әрбір қадам сайын сауап жазылады. Ол жетімнің басынан сипаған сайын Алла оған сауап береді» деген Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисіне амал ету мақсатында қайырымдылық іс шара ұйымдастырды.
Ораза айт қарсаңында облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің әйел жамағаты, «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен тағылымды қайырымдылық шарасы жүзеге асты.
Игі бастама аясында 28 баланы тәрбиелеп отырған ерекше отбасы – Жетесовтер әулетіне арнайы барып, айт мерекесімен құттықтады. Шара барысында жамағат өкілдері балалармен жақын танысып, жылы жүздесіп, олардың көңіл-күйін көтеруге ерекше мән берді.
Кездесу барысында балаларға айттық тәтті сыйлықтар табысталып, отбасыға қажетті азық-түлік, жеміс-жидектер ұсынылды. Сонымен қатар, балалардың қажеттіліктері ескеріліп, қысқы және жазғы аяқ киімдер сыйға берілді. Бұл – жамағаттың бауырмалдық пен жанашырлыққа негізделген шынайы қамқорлығының көрінісі болды.
Жетесовтер отбасы Бас мүфти мен сектор жетекшісі мен шәкірттерге алғысын білдірді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі










































