«Әжелер» мектебінің мүшелері мен мешіт қызметкерлері Амал мерекесін атап өтті
ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігіндегі «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен руханияттың ордасы, облыстың басты айнасы орталық «Нұр Ғасыр» мешітіндегі «Әжелер» мектебінің мүшелері мен мешіт қызметкерлері Амал мерекесі Көрісу күнін атап өтті.
Ұлттық киімдерін киіп қолдарына сый-сыяпаттарын ала келген ақжаулықты әжелер мен қыз-келіншектер «Жыл құтты болсын», «Жасың құтты болсын», «Бір жасыңмен» деп бір-біріне ақ тілектерін айтып, көрісті.
Ал ұстаздар Кенжегүл Кушкарова мен Ақтолқын Тажикова Амал мерекесі туралы насихат айтты.
Сонымен қатар мерекені ұлықтау мақсатында кейін жеребе тастап, бір-біріне сыйлық сыйлады.
Дәстүрді дәріптеген шара соңында үлкендер ақ батасын беріп, ұйымдастырушыларға алғысын жаудырды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі