10 Зул-Қағда
Мешіт шәкірттері Көрісу дәстүрін дәріптеді 4326

Мешіт шәкірттері Көрісу дәстүрін дәріптеді

14 наурыз 2025 234 Оқу 1 минут

«Бақытжан» мешітінің шәкірттері көктем айында келетін қазақтың і дәстүрлі мерекесі Амал күнін атап өтті. 

Мешіт ұстазы Анар Қойшығұлова жамағатқа Наурыз мерекесі мен Көрісудің шығу тарихы, маңызы мен мақсатын айтып өтті.

«14 наурызда Қазақстанның батыс өңірінде дәстүр бойынша Амал мерекесі басталды. Наурыз мейрамының бастауы саналатын бұл күні адамдар бір-бірімен көрісіп, қыстан аман-есен шығуымен, жаңа жыл келгенімен құттықтайды. Адамдар бір-біріне амандық-саулық тілеп, өкпе-ренішін ұмытып, кешірім сұрайды.

Амал мерекесіндегі ерекше дәстүр — көрісу. Ұзақ уақыт бойы көріспеген немесе араз болып жүрген адамдар бір-бірімен қауышып, амандық-саулық тілеп, өкпе-ренішін кешіреді, ескі жылды артта қалдырып, жаңа жылға жақсы тілектер айтып қадам басады.

Қазақ халқы үшін көрісу күні — бұл тек дәстүр ғана емес, сонымен қатар адамдық болмыстың негізі — махаббат, сыйластық пен қолдаудың маңыздылығының айғағы саналады» деді ұстаз.

Амал күнінде шәкірттер бір-бірімен көрісіп, ақ тілектерін жаудырып, ақтан дәм татты. Ақ жаулықты әжелер болса ел амандығын, халықтың бірлігі мен тыныштығын тілеп дұға жасады.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі