Мәртөкте кәсіпкер ұшыр берді
Жерден өсіп шығатын егін өнімдерінің зекетін – ұшыр деп атайды. Араб тілінде ұшыр «оннан бірі» деген мағынаны білдіреді. Жер өнімдерінен (егін және жеміс-жидек) зекет беру – парыз.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жерден шыққан өнімнен берілетін зекет мөлшерін баяндап: «Жаңбыр және ағын суымен суғарылған егістік өнімінің оннан бірі, шелекпен суарылғанның жиырмадан бірі беріледі», – деген (Бұхари, Мүслим).
Осындай игі іске Мәртөк ауданы, Сарыжар ауылының тұрғыны Мұхаммедәли есімді кәсіпкер себепкер болып, мешіт жамағатына ұшырын берді.
Атап айтсақ, биылғы жылы еккен өнімінен 3 тонна қарбызды ұшыры ретінде табыстады. Ал оны сауабы мол іске мұрындық болған Мәртөк аудандық мешітінің Бас имамы Нұрберген Қазенов көпбалалы және аз қамтылған мүмкіндігі шектеулі санаттағы отбасыларға таратып берді.
Осындай жомарт жандардың ықыласына риза болған отбасылар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, кәсіпкерге баталарын берді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі













































