Жамағат арасында облыстық Көкпар сайысы өткізілді 2759

Жамағат арасында облыстық Көкпар сайысы өткізілді

12 маусым 2023 159 Оқу 1 минут

2023 жылдың 10 маусым күні ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкілдігі Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті мен Ақтөбе облысының дін істері басқармасы, «Ихсан» орталығы ҚБ мен және Ақтөбе облысының «Көкпар» федерациясы бірлесе отыра жергілікті жамағат арасында «Атқа мініп, көкпар шабу – Пайғамбар (с.а.у.) өсиеті» атты жаппай көкпар сайысы өткізілді. Жүлде қоры 1 000 000 теңге болды.

Жалпы іс-шараға облыстық, қалалық және аудандық мешіт жамағаттарынан 60-қа жуық адам қамтылды.

Сайыс Құран оқумен басталып, Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы қатысушыларға бата берді. Сондай-ақ мешіт жамағаттары арасындағы өзара ауызбіршілікті арттырудың маңыздылығына ерекше тоқталып, атқа мінудің Пайғамбар сүннетінде маңызды рөл алуының себебіне тоқталды.

Ақтөбе облысы «Көкпар» федерациясының басшысы – Фархат Сәрсенбайұлы сайыстың өткізілу шарттары мен ережелерін таныстырып өтті.

Жалпы шараның өткізілу мақсаты: Мұсылмандардың ұлық мейрамы – «Құрбан айт» мерекесіне орай жергілікті мешіт жамағаттарымен тығыз байланыс орнату және ауыз біршілігін нығайту. Салауатты өмір салтын насихаттай отырып, ұлттық құндылықтарымызды қастерлеп, дәстүрімізді дәріптеп, жамағатты қазақтың ұлттық ат спортымен айналысуға ынталандыру. Жамағаттардың қоғамдық шараларға атсалысу белсенділігін арттыру. Қоғамда сыйластық пен сүйіспеншілікті қалыптастыру болып табылады.

Шара басталып, аяқталған уақытқа дейін төрешілер, жүргізуші, жәдел-жәрдем, төтенше жағдайлар және полиция қызметкерлерімен қамтамасыз етілді.

Сайысқа қатысушыларға 18 жасқа толуы және Ақтөбе облысының тұрғыны болуы қажет деген шарттар қойылды.

Сайыс соңында арнайы дасархан жайылып, Бас имам Серікжан Еншібайұлы тарапынан «Жамағаттың ауызбіршілігі» тақырыбында уағыз-насихат жұмысын жүргізді. Бас имам және «Ихсан» орталығы ҚБ-нің директоры Мейірбек Камалбекұлы сайыс қатысушыларына жетістіктер тілеп, сертификаттарды табыстады.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі