Жалған ақпарат жарға жығады 998

Жалған ақпарат жарға жығады

26 қазан 2021 177 Оқу 1 минут

Жалған, жалғандық – белгілі бір іс-әрекет немесе құбылыс мәнінің шындықтан алшақтатып, бұрмаланған көрінісі, ақиқатқа қарама-қарсы ұғым. Бір кісінің істемеген нәрсесін істеді деп айту Алланың алдында үлкен күнә саналады. Ислам шариғатында мұндай әрекетке тыйым салынып, үкімін харам деп бекіткен.


Мұса пайғамбардың мысалы

Әсіресе ар-намысын кірлету мақсатында мұсылман әйелге жала жабу – өте ауыр күнә. Жала жабудың жаман әрекет болғаны соншалық, адамдар арасына жайылса, ақиқатын айтып жеткізу, ақтау өте қиынға соғады. Әсіресе арлы, намысты кісілер жайында айтылған жалған сөздер оңайлықпен түзелмейді. Сол үшін шариғатта жала жабуға, адамның ар-намысына тиісуге қатаң түрде тыйым салынған.

Құранда бұл жайында: «Тағы да біреу бір қателік немесе күнә істесе, оны ақ (пәк) біреуге жапса, расында ол жала жауып, ашық күнә жүктеген болады», («Ниса» сүресі, 112-аят), «Расында абыройлы мүмін, ақниет әйелдерге жала жапқандар, осы дүние мен ақыретте карғалады. Әрі олар үшін ірі азап бар» («Нұр» сүресі, 23-аят).

Адам әрдайым Жаратушының бұйрығына бағынып жүрсе, ешкімге жала жаппаса, Алла Тағала мұндай құлын жала бәлесіне ұшыратпайды. Бұған Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың өмірінен мысал келтірсек болады.

Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар Алланың сүйікті құлы әрі елшісі, Оның әмірін орындайтын пендесі болатын. Ол ешкімді ғайбаттамайтын, біреуге жала жаппайтын үлгі тұтар тұлға болды. Алайда оны көре алмайтын дұшпандары болды. кездеседі. Қарун есімді яхуди кісі Мұсаны (оған Алланың сәлемі болсын) көпшілік алдында әшкерелеп, жала жабу үшін бір әйелге ақша беріп, жалдайды. Қарун әлгі әйелге Исрайл ұлдары жиналған жиында: «Мұса мені зорлады», – деп айт деп көндіреді. Адам ақша үшін не істемейді?! Әйел Исрайл ұлдары жиналған жиынға уәде бойынша барып, Мұсаны масқара етпек болады. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) бұл кезде Алладан келген жаңа үкімдерді қауымына жеткізіп отырған болатын. Пайғамбар зина жасаған адамның ауыр жазаға тартылатынын айтып жатқанда Қарун: «Әй, Мұса! Егер сен зина жасасаң, саған да жаза қолданамыз ба?» – деп әдейі Мұса: «Иә» деп жауап бергенде, әлгі әйелді шақыртады. Сонда әйел көпшіліктің алдына шығып: «Мұса мені зорламады.Маған Қарун ақша беріп, «Мұса мені зорлады» деп айт деді. Бірақ мен олай айта алмаймын», – деп сөзін бітіріп сыртқа шығып кетеді. «Біреуге ор қазба өзің түсесің» демекші, Мұсаны әшкерелемек болған Қарун жұрт алдында өзі масқара болады. Қарун қатты ашуланып, дереу сыртқа шығып әлгі әйелге: «Сен неге менің айтқанымды істемедің?» – деп айқай салады. Сол кездегі әйел: «Мен жұрт алдына шыққанда тіліме еге бола алмадым. Тілім өзінен-өзі сөйлеп кетті», – деген екен. Өйткені Алла сүйікті пендесін елге масқара етпейді. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар ешкімді жамандамайтын, өсек айтпайтын, жала жаппайтын еді. Сондықтан Алла Тағала оған өзгелердің жала жабуын қаламады.


Жалған ақпараттың түрлері

Әсілінде жалған ақпараттың үш түрі болады. Оның алғашқысы – Алла Тағала жайлы жалған ақпарат тарату. Бұл – жаланың ең жаманы әрі ең ауыр түрі. Ғалымдар бұған бұған Құранда айтылмаған сөзді «Алла Тағала айтты» деу, Құранды әдейі бұрмалап тәпсірлеу, бір іске қатысты білімсіз түрде «адал не арам» деп үкім айту секілді істерді жатқызған. Құранда бұл жайында: «Аллаға жала жапқаннан немесе шындыққа қарсы болғаннан артық залым бар ма? Кәпірлердің орны тозақ емес пе? («Ғанкабут» сүресі, 68-аят), «Қарамайсыңдар ма! Алланың сендерге берген несібесінен арам, адал жасадыңдар» де. «Сендерге Алла рұқсат берді ме? Немесе Аллаға жала жауып жүрсіңдер ме?» – де. Сондай Аллаға өтірік жала жапқандардың, Қиямет күні жайлы ойы қандай? Расында Алла – адамдар үшін кеңшілік иесі. Бірақ олардың көбі шүкірлік қылмайды («Жүніс» сүресі, 59-60 аяттар).

Жалған ақпараттың екінші түрі – Алла елшісі жайлы жалған сөйлеу. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тірі күнінде мүшріктер оған ақын, бақсы, сиқыршы деген секілді түрлі жала жапқанын тарихтан жақсы білеміз. Құранда ол жайында: «Ол – бір ақынның сөзі емес. Сендер аз сенесіңдер. Сондай-ақ ол – бақсының да сөзі емес. Аз түсінесіңдер. Ол – әлемдердің Раббысынан түсірілген («Хаққа» сүресі, 41-43 аяттар) делінген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтпаған сөзді оның хадисі деу немесе хадистің мағынасын әдейі бұрмалау да жалаға жатады. Бұл жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім менің атымнан жалған сөйлесе, өзіне тозақтан орын дайындай берсін!» – деген (Бұхари 3461, Ахмад 2/159).

Үшінші түрі – адамдарға жала жабу. Бұған өзге адамның айтпағанын айтты деу, істемеген ісін істеді деп жалған айту жатады. Мүмін адам өзге біреуді дәлелсіз жамандаудан, кемшілігін іздеуден барынша сақ болу қажет. Өйткені өзгенің кемшілігін айтқан адамға сауап жоқ. Керісінше жалақор адамның ауыр күнәға бататыны сөзсіз. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жеті күйзелтушіден сақтаныңдар. Олар – Аллаға серік қосу, сиқыр, біреуді бекер өлтіру, өсім жеу, жетімнің малын жеу, қан майданда кері қашу, бейкүнә мүмін әйелге жала жабу», – деген. (Бұхари, Мүслим риуаят еткен).


Жаладан сақтану жолдары

Қоғамда жала жайылмас үшін мұсылман адам мына амалдарды орындауы қажет. Оның біріншісі – жала жабушының сөзіне сенбеу. Құран аятында былай делінген: «Әй, мүміндер! Пасық біреу хабар әкелсе, оны анықтаңдар. Әйтпесе, білмей бір елге кесірлерің тиіп, істегендеріңе өкінесіңдер» («Хужурат» сүресі, 6-аят).

Бірде Омар ибн Абдулазизге бір кісі келіп, әлдебір адам жөнінде жаман сөз айта бастайды. Сонда Омар: «Осы айтқаныңды тексерейік. Егер өтірік айтқан болсаң: «Пасық біреу хабар әкелсе, оны анықтаңдар», – деген аятта айтылғанындай пасық адам болғаның. Егер сөзің рас болса «Өте айыптағыш, өсек тасығышқа да (бой ұсынба)» (Қалам» сүресі, 11-аят) деген адамсың. Ал егер сөзімді қайтып алдым десең, айтқаныңа кешіріммен қарауға әзірміз», – дейді. Сонда әлгі кісі: «Мені кешіріңіз, мүміндердің әміршісі! Енді мұндай іске бармаймын», – дейді. (Доктор Мухаммад Мансур, «Әл-мухтасару әл-муфиду фи тәрбияти ән-нәфс», 27-бет).\

Екіншісі, жала жабушыға насихат айтып, ақ пен қараны таныту. Жала жабу – адамдар арасын алыстатып, береке мен бірлікке сызат түсіретін, бейкүнә адамды өзгеге жаман етіп көрсететін күнәлі іс. Мұндай жалақор адамға жұмсақтықпен насихат айтып, жақсылыққа шақыру қажет.

Үшіншісі, жала жабылған адам жайлы жаман ойлаудан сақтану. Адам болған соң айналамызда болып жатқан нәрселер жайында ойланып, күмәнданып жүреміз. Ақиқатын біліп-білмесек те әйтеуір күмәнмен әрекет қарайтынымыз жасырын емес. Адам баласы ойланбай, күмәнданбай тұра алмайды. Осыған байланысты шариғатымызда күмән екіге бөлінеді. Хусни заң (жақсы күмән), яғни адамдар жайында үнемі жақсы ойда болу. Мұсылман кісі көрген, білген нәрсесін бірден жамандыққа жорымай, алдымен жақсылыққа жору керек. Мысалы, дін бауырының бір әйелмен сөйлесіп тұрғанын көрсе, ол жайлы сыртынан әңгіме айтпас бұрын, мүмкін қарындасы, әпкесі, туысы шығар деп жақсы ойға бекісе, күнә арқаламайды.

Суи заң (жаман күмән), яғни айналасындағы адамдар жайында жаман ойлау, жақсы ойламау. Бұл – адам бойындағы жаман қасиет. Аяттағы «күнә болады» деген күмәнға осындай күмәндар жатады. Сол үшін Алла мұндай қасиеттен сақ болуды әмір етеді.

Мұсылман адам көзі жетпейінше өзге дін бауыры жайында оң пікірде болу керек. Естіген нәрсесін дұрыс екен деп айта беруге болмайды. Мұндай жағдай адамдар арасындағы дұшпандық, өшпенділік сезімін оятып, имандылықтың әлсіреуіне әкеп соқтырады. Сондықтан мұсылман кісі «суи заңнан» аулақ болуды әрі Алланың, әрі Оның елшісінің әмірі деп білу керек. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендер суи заңды ұстанудан сақтаныңдар. Өйткені күмән – сөздің ең өтірікшісі», – деп түбі, негізі жоқ бос нәрседен алыс тұруды әмір етеді. (Бухари, Әдәб 58.).

Төртіншісі, жала ретінде айтылған қаңқу сөзді таратпау. «Ауруда шаншу жаман, сөзде қаңқу жаман» дегендей, дәлелсіз айтылған жала қаңқу сөзге жатады. Мұсылман адам әр сөзін оны айтқаннан қандай пайда не зиян бар екенін ойлап барып сөйлеу қажет. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Кім Аллаға және Қиямет күніне иман еткен болса, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін», – деген (Бұхари 6017, Мүслім 47).

Қорыта айтқанда, әрбір адам сөзіне, ісіне, әлеуметтік желіде жариялаған жазбасына мұқият болу қажет. Егер айтқан сөзі не жариялаған мақаласы жала, өтірік болса мәңгілік өкініште қалады. Кейінгі кездері дін саласында қызмет атқарып жүрген тұлғаларға түрлі жала жабылып жатыр. Мұсылман адам мұндай жаман әрекеттен бойын аулақ ұстау керек. Алла Тағала барша мұсылман қауымын жаладан, бүліктен сақтасын!


Қуаныш СӘБИТ,

Ақмола облысының бас имамы