«Құмар ойын құрдымға апарады» атты мектеп оқушыларымен кездесу ұйымдастырылды
Ақтөбе қаласы “Қабақ баба” мешітінің имамы Нұрлыбек Молдабайұлының бастамасымен Ақтөбе қаласы, Заречный-3 ықшам ауданында орналасқан №61 орта мектебінде «Құмар ойын құрдымға апарады» атты тақырыпта мектеп оқушыларымен кездесу өтті.
Аталған шараға ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәрсенбаев Әбдіқали және Бижанов Алдаберген ақсақалдар қатысып, жас буынға құмар ойынның залалы мен кесапаттары туралы түсіндіріп, одан барынша аулақ болуға шақырды. Сондай-ақ ақсақалдар өмірлік тәжірибелерінен түрлі ғибратты мысалдар келтіріп, оқушыларға баяндап берді.
Ал имам Нұрлыбек Молдабайұлы: «Ислам дінінде құмар ойынның қандай түрі болмасын барлығына тыйым салынған.Бұл тыйымның тереңіне үңілер болсақ бүгінгі қоғамдық көп мәселелерді дұрыс көре аламыз. Байқасаңыздар, бір ғана құмарлық ұрлық жасауға, өтірік айтуға душар етіп қана қоймай, ақыр соңында суицидке әкеліп тіреп жатқан жағдайлар аз емес»,-деп кеңінен тақырыпты талқылап өтті.
Кездесу соңында тақырып аясында оқушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берілді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі