Ырғыз ауылында арақ сатылмайтын болды 571

Ырғыз ауылында арақ сатылмайтын болды

09 наурыз 2021 301 Оқу 1 минут

Жақында «Аудандық аналар алқасының» мүшесі Зейнеп апамыз игі бастама көтерген еді. Ол – қасиетті Рамазан айында ешбір дүкенде арақ-шарап сатпау туралы ұсыныс болатын. Соған байланысты бүгін ауданымыздың құрмметті азаматтары мен кәсіпкерлерінің басын қосқан берекелі отырыс болды.

Жиынға Ырғыз аудандық мешітінің бас имамы Ардақ Жұмабекұлы арнайы қатысып, Ислам діні арақты ішуге де, сатуға да, сатып алуға да, жасап шығаруға да, ешбіріне оң көзбен қарамайтындығын жеткізді. Арақ-шараптың отбасыны ойрандап, қоғамның тыныштығын бұзу, қаншама жастардың болашағына балта шауып, үлкен-үлкен қылмыстарға жол ашу секілді бірқатар зардаптарын баяндап, осыған себеп болудың да – жақсы нәрсе емес екендігін түсіндірді.

Арақ сатудан бас тартып, адал өнімдермен ғана кәсіп қылатын болса, Алла Тағала мұндай істің берекесін арттыратындығына күмән жоқ екенін баса айтты. Кімде-кім бір жақсы үлгі көрсетсе, оған сол ісінің сауабы және соны үлгі тұтып, соңынан ергендердің де сауабы берілетіндігіне назар аудартып, алда келе жатқан Рамазан айында дүкендерде арақ сатуды тоқтатып, халыққа жақсы үлгі көрсетуді бастап кетуге шақырды.

Басқосуға қатысушылар бұл ұсынысты бірауыздан құп көріп, қасиетті айда Алла арам еткен, ата-бабамыз атын да, затын да білмеген осы бір қасіретті дүниені дүкен сөрелерінен алып тастауға уағдаласты. Бас имам игі іске бастамашы болып отырған ауыл азаматтарына алғысын білдірді.


 Ырғыз аудандық мешітінің баспасөз қызметі