Сектор меңгерушісі «Жұмадағы жүздесу» бағдарламасында қонақ болды
ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторының меңгерушісі Динара Нұрғалиева жылдық жоспар бойынша «Ислам және отбасы құндылығы» жылына орай Ақтөбе қаласына арнайы екі күндік іс сапармен келді.
Сапар барысы өңірдегі «Мұнара» телеарнасының студиясында қонақ болып, «Жұмадағы жүздесу» бағдарламасына сұхбат беруден басталды.
Динара Құтқожақызы бағдарлама барысында «Отбасы — мейірім мен құрмет ордасы» тақырыбында сұхбат берді.
Сектор меңгерушісі махаббат пен мейірім, отбасы ішіндегі құрмет пен жауапкершілік болғанда шаңырақ шаттығы еселенетіндігін айтты. Сонымен қатар бағдарлама авторы әрі жүргізушісі Ақтолқын Тажикованың әр сауалына жіті талдап, жауап берді.
Динара Нұрғалиева «Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Əрбір адам өз отбасына жауапты»- (Бұхари) деп əрбір адам өзінің отбасы мүшелеріне тиісті деңгейде жауапкершілікпен қарап, олардың материалдық қажеттілігінен өзге рухани, тұлғалық тарапына дұрыс тәрбие мен бағыт-бағдар беру керектігін назарда ұстаудың маңыздылығына тоқталды.
Сұхбатты жуырда ҚМДБ төл арнасы «Мұнара» телеарнасынан көре аласыздар. Отау-да жиырмасыншы арна.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі







































