XV республикалық «Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу» байқауына дайындық жұмыстары өткізілді
Бүгін Ақтөбе қаласында XV республикалық «Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу» байқауына дайындық жұмыстарын пысықтау жиыны өтті. Оған арнайы ҚМДБ төрағасы, Бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазіреттің тапсырмасымен ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров арнайы келді. Ақтөбе имамдарына арналған жиынға Ақтөбе облысының бас имамы Амантай Садиев және Ақтөбе облысына қарасты қала, аудан бас имамдары қатысты.
Батыржан Берденұлы еліміздің руханиятына маңызы зор Құран байқауын жоғары деңгейде өткізу үшін ұйымдастыру жұмыстарын пысықтады. Дін қызметкерлерін Құранға қызмет етуге шақырып, іс-шараға аса жауапкершілікпен қарауларын сұрады.
XV республикалық «Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу» байқауы 2026 жылдың қыркүйек айында Ақтөбе қаласында өтеді. Дәстүрлі рухани дода Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) ұйымдастыруымен еліміздің түкпір-түкпірінен келген үздік қарилардың басын қосады.
Құран жарысы 4 номинация бойынша өтеді:
1. Құранның 10 парасы бойынша;
2. Құранның 20 парасы бойынша;
3. Құранның 30 парасы бойынша;
4. Құранды мәнерлеп оқу бойынша.
Қазіргі таңда еліміз бойынша әр өңірде аталған байқауға іріктеу кезеңдері өтіп жатыр.










































