«Уақып» қорының директоры Ақтөбеде мазмұнды семинар өткізді
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазіреттің бастамасымен құрылған «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының директоры Азамат Әбдікерімұлы Ақтөбе облысына арнайы 2 күндік жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ол өңір имамдарымен, мешіт жамағатымен және жергілікті кәсіпкерлермен бірқатар кездесулер өткізіп, «Уақып – үзілмес көпір» тақырыбында тағылымды семинар ұйымдастырды.
Аталған семинардың негізгі мақсаты – уақып мәдениетін қоғамда кеңінен насихаттау, оның шариғаттағы орны мен әлеуметтік маңызын түсіндіру, сондай-ақ еліміздегі қайырымдылық жүйесін тұрақты әрі жүйелі дамыту жолдарын көрсету болды.
Мазмұнды баяндама барысында Азамат Әбдікерімұлы «уақып» ұғымының тарихи тамырына тоқталып, оның ислам өркениетіндегі рөліне кеңінен тоқталды. Уақып – бұл жеке адамның мүлкін Алла разылығы үшін қоғам игілігіне арнауы екендігі, оның нәтижесінде мешіт, медресе, мектеп, аурухана сынды игі нысандардың ғасырлар бойы халыққа қызмет етіп келгені жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, бүгінгі таңда Қазақстандағы «Уақып» қорының жүзеге асырып жатқан жобалары, атап айтқанда әлеуметтік әлсіз топтарға көмек көрсету, діни білімді қолдау, инфрақұрылымдық жобаларды дамыту бағытындағы жұмыстар да нақты мысалдармен баяндалды.
Кездесу барысында кәсіпкерлерге уақып жасау арқылы сауапты іс атқарып қана қоймай, қоғамның тұрақты дамуына үлес қосу мүмкіндігі түсіндірілді. Бұл ретте «садақа жәрия» ұғымының маңызы ерекше атап өтіліп, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадистерінен мысалдар келтірілді. Яғни, адам дүниеден өткеннен кейін де сауабы жалғасатын амалдардың бірі – уақып екендігі айтылды.
Семинар аясында Бас мүфтидің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Қазақ Құран баспасы» жобасының да арнайы таныстырылымы өтті. Жоба мақсаты – қасиетті Құран Кәрімді қазақ тілінде сапалы, түсінікті әрі қолжетімді етіп басып шығару, ұлттық діни әдебиетті дамыту және халықтың діни сауатын арттыру. Қатысушыларға бұл бастаманың рухани маңызы кеңінен түсіндіріліп, отандық діни баспа ісін дамытудағы рөлі атап өтілді.
Жиын барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, уақыпқа қатысты құқықтық, шариғи және ұйымдастырушылық мәселелер бойынша нақты әрі жан-жақты жауаптар алды. Әсіресе, уақыпты рәсімдеу жолдары, оның ашықтығы мен сенімділігін қамтамасыз ету тетіктері, қор жұмысының есептілігі сынды маңызды тақырыптар кеңінен қозғалды.
Еркін форматта өткен бұл семинар өңірдегі діни-ағартушылық жұмыстың мазмұнын тереңдетіп қана қоймай, қайырымдылық мәдениетін дамытуға тың серпін берді. Сонымен қатар, имамдар мен жамағат арасында уақып институтын жандандыру арқылы қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге үлес қосу қажеттігі айқындалды.
Жалпы, аталған іс-шара «Уақып» қорының қызметін халыққа кеңінен таныстырып, ел ішінде игі бастамаларды қолдау мен қайырымдылық дәстүрін жаңғыртуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.
Сонымен қатар семинар соңында қор директоры Азамат Әбдікәрімұлы Ақтөбелік кәсіп иесі Ақыл есімді мешіттің жамағатына ҚМДБ "Уақып" қорының атынан "УАҚЫПНАМА" сертификаты табыстылды. Аталған азамат облыстық мешіт жанынан "Руханият" мұсылман тауаурларын сататын дүкен ашып, табысынан ай сайын уақып қорына Алла жолында қаражат аударып отыр.























































