Бас мүфти Әйтеке би ауданында болған оқиғаға байланысты көңіл айтты 4957

Бас мүфти Әйтеке би ауданында болған оқиғаға байланысты көңіл айтты

25 қазан 2025 167 Оқу 1 минут

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданында орын алған жол апатына байланысты көңіл айтты. 

«Ардақты ағайын!

Жол көлік оқиғасынан бірнеше адамның қаза болғаны туралы, суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдадық. Бұл қайғылы оқиға баршамыздың жанымызға батты.

Өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұжымы атынан қаза тапқандардың отбасылары мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын. 

Алла Тағала бақилық болған бауырларымыздың жанын жәннаттан етсін. Мәңгілік мекендері жұмақтың төрі болғай. Артында қалған отбасы мен туыстарына Жаратушы Иеміз көркем сабыр мен күш-қуат берсін!

Жарақат алған азаматтарға Алла Тағала шипа беріп, тез сауығып кетуін тілеймін.

Еліміздегі әрбір адам өмірінің амандығы ең қымбат құндылық. Алла Тағала бастың амандығын, деннің саулығын берсін. Раббымыз елімізді апат пен ауыр сынақтан сақтасын! Әумин!» – делінген Бас мүфтидің көңіл айту жеделхатында.

Айта кетсек, «Самара-Шымкент» автокөлік жолының Ақтөбе облысы аумағындағы Белқопа ауылының жанында DAF жүк көлігі мен «Газель» автокөлігі соғысып, екі жүргізуші мен 10 жолаушы қайтыс болды. Бес жолаушы жаратқан алған. Бұл туралы Ақтөбе облысы полиция департаменті мәлімдеді.

Осы оқиғаға байланысты Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев Әйтеке би ауданына арнайы барып, бірнеше имам болып, жаназа намаздарын оқып, жерлеу рәсіміне қатысып, Құран бағыштап, жарақат алғандарға шипа тілеп, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазіреттің арнайы көңіл айту хатын тапсырды.

Әйтеке би ауданындарының тұрғындарына ҚМДБ Төрағасының көңіл хаты, облыстың Бас имамы мен өңірдегі имамдардың қайғыға ортақтасуы, қам көңілдеріне демеу болды.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі