«Уақып» қорының директоры Әйтеке би ауданында жұма уағызын айтты 6836

«Уақып» қорының директоры Әйтеке би ауданында жұма уағызын айтты

27 қараша 2026 23 Оқу 1 минут

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының директоры Азамат Әбдікәрімұлы Ақтөбе облысына келген іссапары аясында Әйтеке би аудандық орталық мешітінде «Құмар ойын құрдымға жығады» және «Уақып – ұрпаққа қалған игі мұра» тақырыптарында жұма уағызын айтты.

Уағыз барысында қор директоры қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – лудоманияның адам өміріне, отбасы тыныштығы мен қоғам тұрақтылығына тигізетін зардабын кеңінен баяндады. Сондай-ақ құмар ойынның жеңіл табысқа итермелеп, адал еңбектен алыстататынын, материалдық шығынмен қатар рухани күйзеліске душар ететінін Құран аяттарымен сабақтастыра отырып түсіндірді.

Сонымен қатар Азамат Әбдікәрімұлы уағыздың екінші бөлімінде уақып дәстүрінің діни және қоғамдық маңызына тоқталды. Ол адам дүниеден өткеннен кейін де сауабы үзілмейтін «садақа жария» ұғымын тарқатып, сахабалар өмірі мен қазақ тарихындағы жарқын мысалдарды келтірді. Атап айтқанда, Құнанбай қажы Өскенбайұлының Қарқаралыда мешіт салдыруы мен Меккеде қазақ қажыларына арнап қонақүй (тәкия) тұрғызуы – ел игілігіне бағытталған уақыптық дәстүрдің озық үлгісі екенін атап өтті.

«Уақып – адамның өзіне тиесілі дүние-мүлкін Алла разылығы үшін халықтың игілігіне арнауы. Бұл – бір адамның жасаған қайырымдылығы кейінгі ұрпаққа да қызмет ететін ізгі амал. Әрбір азамат адал табыстың қадірін біліп, ұрпаққа игі мұра қалдыруға ұмтылуы қажет», – деді Азамат Әбдікәрімұлы.

Уағыз соңында жамағатпен бірге жұма намазы оқылып, елдің амандығы, жердің тыныштығы мен халықтың бірлігі үшін дұға жасалды.

ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі

ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі