РАНТ мүшесі Жексенбай Торбаев Хромтауда жұма уағызын айтты 6835

РАНТ мүшесі Жексенбай Торбаев Хромтауда жұма уағызын айтты

27 қараша 2026 17 Оқу 1 минут

Бүгін Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Жексенбай Торбаев Хромтау аудандық «Нұр» мешітінде «Құмар ойын құрдымға жығады» тақырыбында уағыз айтты.

Уағыз барысында дін қызметкері жамағатқа құмар ойынның адам өміріне, отбасы тыныштығы мен қоғам тұрақтылығына тигізетін кері әсері туралы кеңінен түсіндірді. Сондай-ақ лудоманияның адамды жеңіл жолмен пайда табуға итермелеп, адал еңбектен алыстататынын, материалдық шығынмен қатар рухани күйзеліске де душар ететінін атап өтті.

«Ислам діні адамды адал кәсіпке, маңдай термен табыс табуға және өзгенің ақысын құрметтеуге үндейді. Осы тұрғыдан алғанда, құмар ойын жеке адаммен қатар тұтас қоғам мен отбасының берекесіне нұқсан келтіретін кесел. Сондықтан мұсылман адам бұл мәселеге діни әрі адамгершілік тұрғысынан қарап, нәпсісін тәрбиелеуге, адал табыстың қадірін білуге және ұрпағын мұндай зиянды әдеттен сақтандыруға ерекше мән беруі қажет», – деді Жексенбай Жұмаділләұлы.

Сонымен қатар наиб имам көпшілікті уақытты тиімді пайдалануға, отбасына жауапкершілікпен қарауға, ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлуге және күмәнді табыстан аулақ болуға шақырды. Құмар ойынға қарсы күресте әрбір адамның өзін-өзі тәрбиелеуімен қатар, отбасы мен қоғамның да ықпалы зор екенін жеткізді.

Уағыз соңында жамағатпен бірге жұма намазы оқылып, елдің амандығы, жердің тыныштығы мен халықтың бірлігі үшін дұға жасалды.

ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі