Қайрат Затов: Тұрақтылық – Тәуелсіздік тірегі 1215

Қайрат Затов: Тұрақтылық – Тәуелсіздік тірегі

17 қаңтар 2022 288 Оқу 1 минут

Терең білімді, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары азаматтарсыз дамыған мықты мемлекет құру мүмкін емес.

Қазақ елі қаңтардың алғашқы күндері өз тарихындағы ең ауыр сындарлы сәттерді бастан өткерді. Елдігімізге қауіп төніп, азаматтығымыз таразыға түсті. Билікке өзінің жанайқайын айтып шыққан халықтың бейбіт шеруі жаппай тонаушылық пен басбұзарлыққа ұласты. Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі – әсем қаламыз Алматының әкімшілік ғимараттары мен сауда орталықтары аяусыз тоналып, қиратылды, өртенді. Ең қайғылысы ел тыныштығын, қоғамның қауіпсіздігін қорғаған сарбаздарымыз бен бейбіт азаматтарымыздан айырылдық. Аналарымыздың үкілеген үміттері үзілді, көкіректері қайғыдан қарыс айрылды, қаншама сәбилер жетім қалды...

Осындай сын сағаттарда жауапкершіліктің барлық жүгі мен ауыртпашылығын өзіне алған президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шешімдері мемлекеттің тұтастығын сақтап, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Өзінің Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде орын алған жағдайлардың себептерін ашып айтты. Солардың ішіндегі негізгісі әлеуметтік әділетсіздік пен ел байлығының олигополияның қолына шоғырлануы болғандығын атап көрсетті. Қазақстан азаматтарының әл-ауқаты мен өмір сапасын арттырудың мемлекеттің негізгі мақсаты екендігіне және оның тек қағаз жүзінде ғана емес нақты өмірде жүзеге асуының маңыздылығына тоқталды.

Әрине, бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін тиімді әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыру қажет. Сондықтан экономиканы әртараптандыру мен шикізат өндіруден өңдеу мен дайын өнім шығаруға бет бұрғанымыз дұрыс. Қазіргі әлемдегі бәсекелестікке қабілетті өнім шығара алатын жаңа өнеркәсіп орындарын ашу мен дамыту ел экономикасына жаңа серпін берері анық. Сонымен қатар, өңірлердегі, кіші қалалар мен ауыл-аймақтардағы осындай орта және шағын кәсіпорындар жұмыссыздық мәселелерін шешуге ықпал ететіні сөзсіз. Бұл әсіріесе, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеуге қатысты. Міне, сондықтан ел Президенті алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешуді үкімет пен аймақ басшыларына мұқият тапсырды.

Әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі алғышарты сапалы білім екені күмәнсіз ақиқат. Терең білімді, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары азаматтарсыз дамыған қоғам мен мықты мемлекет құру мүмкін емес. Қазақстан қоғамы білім мен ғылымды, техника мен технологияны дамытуға қабілетті жастарға мұқтаж. Сондықтан сапалы білімнің қол жетімділігі – мемлекетіміздің осы саладағы басты бағыттарының бірі болуы тиіс. Сапалы білім – қоғам дамуының маңызды алғышарты.

Қазақстан қоғамын соңғы жылдары терең толғандырып отырған мәселелер руханият және дін саласымен байланысты. Өкініштісі тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан діни дәстүрімізді, ұлттық мәдениетіміз бен құндылықтарымызды, мемлекеттік негіздерімізді мойындамайтын жастарымыздың тобы пайда болды. 90-жылдардағы әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтар мен діни білімнің таяздығы, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың кемшіл тұстары теріс бағыттағы діни идеологиялардың таралуына алып келді. Діни ілімді саяси идеологиясына бейімдеген топтар қалыптасқан саяси-әлеуметтік жағдайды өз мақсаттарына пайдалана отырып, мемлекеттің іргесін шайқап, қоғамға жат ұстанымдар мен құндылықтарды таңуға талпынды. Осындай радикальды діни идеологияның жетегінде кеткендер белсенді бүлікшіл топтардың қатарына қосылды. Бұл еліміздің тәуелсіздігіне, тұрақтылығы мен бейбіт өміріне үлкен қауіп екенін қаһарлы қаңтар күндері дәлелдеді. Қазіргі таңда біз осы қауіпті айқын сезініп отырмыз. Сондықтан діни экстремизммен күрес кешенді іс-шараларды қамтуы тиіс. Елімізде жүзеге асырылып келген діни экстремизммен күрестің мазмұны мен формасы терең өзгерістерді қажет етеді. Алдағы уақыттарда діни экстремизмнің алдын алудың саяси- идеологиялық аспектілерімен қатар әлеуметтік негіздерін айқындап, жоюдың жолдарын қарастыруымыз қажет. Діни экстремизммен күрес саласына қажетті сапалы мамандарды дайындау мен біліктіліктерін арттырудың жүйелі кешенін қарастыруға тиіспіз. Діни экстремизммен күрес тұтас қоғамның дін саласындағы сауаттылығы мен парасаттылығына негізделеді. Қазіргі уақытта діни, ұлттық бірегейлікпен қатар жалпы қазақстандық азаматтық бірегейлікті қалыптастыруға, діндарлар арасындағы құқықтық мәдениет пен жауапкершілікті арттыруға бағытталған қадамдарды қолға алу маңызды. ҚР Президентінің мәлімдемесінде аталған әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық реформалар діни экстремизмді құрықтауға, жастарымызды радикальды діни идеологияның арбауынан арашалауға бағытталған кешенді іс-шараларды жүзеге асырудың бағыттарын айқындайды.

Қайрат ЗАТОВ

Нұр-Мүбарак университетінің профессоры, филос.ғ.д