Ақтөбелік репрессия құрбандары — Әкімәлі Қаржауұлы мен Сарышолақ Боранбайұлының жыр эстафетасы басталды 6764

Ақтөбелік репрессия құрбандары — Әкімәлі Қаржауұлы мен Сарышолақ Боранбайұлының жыр эстафетасы басталды

29 қазан 2026 58 Оқу 1 минут

Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында Ақтөбе өңірінен шыққан, кеңестік репрессияның зұлматына ұшыраған қос ақын — Әкімәлі Қаржауұлы мен Сарышолақ Боранбайұлының мұрасын дәріптеуге арналған салтанатты шара өтті. 

«Ер Едіге» жыр мектебінің шәкірттері, ақындардың ұрпақтары және дін мамандары, зиялы қауым өкілдері қатысқан басқосуда ұлттық сөз өнері ұлықталып, шығармашылық челлендж қорытындыланды.

Шараның басты мақсаты — тоталитарлық жүйенің құрбаны болып, есімдері мен шығармалары ұзақ уақыт бойы бұрмаланып келген халық ақындарының мұрасын жас ұрпаққа жеткізу.

Әкімәлі Қаржауұлы (1885–1932) — Ақтөбе өңірінің тумасы (қазіргі Хромтау ауданы, Ойсылқара ауылы). Ол 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысты, ашаршылық пен ұжымшарластыру тұсындағы халықтың мұң-зарын ашына жырлаған. 1917 жылы «Қазақ» газетінде «Халқыма хат» өлеңі жарияланған. Кеңес өкіметінің озбыр саясатына қарсы келгені үшін 1931 жылы «халық жауы» деген жалған айыппен қамауға алынып, репрессия құрбаны болды.

Сарышолақ Боранбайұлы (1858–1929) — Шалқар өңірінен шыққан көрнекті ақын, сазгер әрі айтыс шебері. Оның шығармалары патшалық отаршылдық пен кеңестік жүйенің қазақ даласындағы озбырлығын әшкерелеуге бағытталған. Сол заманның саяси қысымы мен қуғын-сүргініне ұшырап, шығармаларын орындауға ұзақ уақыт бойы тыйым салынған. Оның өмірі белгілі халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің «Ақын» толғауында жан-жақты баяндалады.

Кездесу барысында Әкімәлі Қаржауұлының шығармашылығына арналған облыстық челлендж өз мәресіне жетті. Әлеуметтік желілерде ақын өлеңдерін жырлап, ең көп қаралым мен лүпіл жинаған жыр мектебінің шәкірттері — Назарбаева Ақерке мен Гельманова Айым арнайы бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Бұл игі бастама одан әрі жалғасып, ақын мұрасын дәріптеудің келесі кезеңі ретінде Сарышолақ Боранбайұлының шығармашылығына арналған жаңа жыр эстафетасының тұсауы кесілді. «Ер Едіге» жыр мектебінің өнерпаздары қос ақынның отты жырлары мен термелерін домбырамен орындап, көрермендерге рухани азық сыйлады.

Жиын соңында жыр мектебінің жетекшісі, «Ерен еңбегі үшін», медалінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі әрі белгілі жыршы Әділбек Сарин өзінің авторлық «Пайғамбарлар жыры» атты жаңа туындысын зиялы қауым өкілдеріне таныстырып, кітапты сыйға тартты. Бұл еңбек — 25 пайғамбардың қиссасы мен өмір жолын қазақтың дәстүрлі жыраулық мектебі үлгісінде баяндаған бірегей жинақ.

Рухани шара туралы жақын күндері ҚМДБ-ның төл арнасы «Мұнара» телеарнасының жаңалықтарынан көре аласыздар.

ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі