Ақтөбелік 10 имам Арал теңізінің ұлтанын көгалдандыру жұмыстарына атсалысты 6805

Ақтөбелік 10 имам Арал теңізінің ұлтанын көгалдандыру жұмыстарына атсалысты

18 қараша 2026 33 Оқу 1 минут

Қызылорда облысында ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылған «Аралды қайта жаңғырту» V республикалық экологиялық еріктілер форумы аясында кең ауқымды көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Табиғатты қорғауға бағытталған игі бастамаға Ақтөбе қаласынан арнайы барған 10 дін қызметкері ерікті ретінде белсене қатысты.

Іс-шара Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет және қайырымдылық» қоры жанындағы «Қайырымдылық жаршылары» (QJ) еріктілер тобы мен Қызылорда облысы өкілдігінің «Жастар ісі» секторының бірлесіп ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Акция барысында қатысушылар алдымен Арал ауданы, Қаратерең ауылындағы Мәмбетәлі ахун атындағы мешіттің ауласына сексеуіл тұқымдарын септі. Одан кейін еліміздің 20 өңірінен жиналған еріктілер, имамдар мен белсенді жастар Арал теңізінің тартылған ұлтанына 2 000 түп сексеуіл көшетін отырғызды. Айта кетейік, бұл – аталған жоба аясындағы бесінші экспедиция, және осы уақытқа дейін теңіз табанына барлығы 17 000 түп сексеуіл егілген.

Ақтөбелік дін қызметкерлері қоршаған ортаны қорғау мен өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған жалпыұлттық бастамаға қолдау білдіріп, табиғатты аялау ісіне өз үлестерін қосты.

ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі