Ақтөбелік имамдар «Аралды қайта жаңғырту» V республикалық экологиялық форумына қатысты
Қызылорда қаласында ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Аралды қайта жаңғырту» V республикалық экологиялық еріктілер форумы өтті. Ауқымды іс-шараға Ақтөбе қаласынан 10 дін қызметкері арнайы барып, экологиялық бастамаға ерікті ретінде белсене атсалысты.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық науқаны аясында қолға алынған жиынды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет және қайырымдылық» қоры жанындағы «Қайырымдылық жаршылары» (QJ) еріктілер тобы мен Қызылорда облысы өкілдігінің «Жастар ісі» секторы бірлесіп ұйымдастырды.
«35 жылдыққа 35 мың түп ағаш» ұранымен өткен форум барысында Арал теңізінің тартылған ұлтанын көгалдандыру, шөлейттену үдерісінің алдын алу және өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту бағытындағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
Іс-шара аясында ақтөбелік имамдар игі бастамаға қолдау білдіріп, қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау және өңірдің жасыл белдеуін кеңейту жұмыстарына өз үлестерін қосты.
ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі







































