Ақтөбеде жас ғалымның діни-танымдық кітабының тұсаукесері өтті 6801

Ақтөбеде жас ғалымның діни-танымдық кітабының тұсаукесері өтті

13 қараша 2026 143 Оқу 1 минут

Бүгін қасиетті жұма күні ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазіреттің жас ғалымдарды қолдау бастамасына орай ҚМДБ "Жастар ісі" секторының Ақтөбе облысы бойынша өкілінің ұйымдастыруымен облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде ақтөбелік жас зерттеуші Ерұлан Нұрболатұлының «Ханафи мәзһабындағы фиқһ кітаптарының қайнар көздері» атты еңбегінің тұсаукесер рәсімі өтті.

Жұма уағызынан кейін Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев мешітке жиналған жамағатқа жас авторды таныстырып, жаңа еңбектің діни білім мен ғылым саласындағы маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар бас имам көпшілікті білім жолында ізденіп жүрген жас мамандар мен шәкірттерге қолдау көрсетуге шақырды.

Жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімін ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Қуандық Қабденұлы мен облыстың бас имамы Амантай Садиев жасады. Іс-шара барысында білімді де саналы ұрпақ тәрбиелеген жас ғалымның әкесіне жамағат атынан алғыс айтылып, смартфон сыйға тартылды. Ал ақ батасын берген ақсақалдың иығына дәстүрге сай шапан жабылды.

Автор және кітап туралы мәлімет:

Ерұлан Нұрболатұлы Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Қайыңды ауылында дүниеге келген. Ол Сарыағаш медресесі мен «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің түлегі. Қазіргі уақытта Түркияның Стамбул қаласындағы Шишли университетінде білімін жалғастырып жатыр. Бұған дейін «Ханафи фиқһына енген кейбір Шәфиғи мәзһабының үкімдерін талдау» атты ғылыми зерттеу еңбегін жазған.

«Ханафи мәзһабындағы фиқһ кітаптарының қайнар көздері» — автордың алғашқы көлемді туындысы. Бұл еңбекті жазуға 1,5–2 жылдық ғылыми ізденіс пен 4 айлық жүйелі еңбек арналған. ҚМДБ «Діни сараптама» бөлімінің оң қорытындысын алған кітапта Ханафи фиқһында «Заһир әр-Риуая» деген атпен танымал 6 негізгі кітап, сондай-ақ «Науадир риуая», «Әмәли» және «Мухтасар» еңбектерінің жазылу тарихы мен авторларының өмір жолдары кеңінен талданған. Сонымен бірге Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммадтың мәзһабтағы маңызды еңбектері («Әсәр», «Хужжа алә Әһли Мәдина», «Муатта» және т.б.) жан-жақты қамтылған.

Еске сала кетсек, Бас мүфти бастаған ҚМДБ-ның «Діни сараптама» бөлімі, «Ғұламалар кеңесі» және «Шариғат және пәтуа» бөлімінің ғалымдары мен мамандары соңғы жылдары қоғамның өзекті мәселелеріне жауап беретін көптеген құнды еңбектерді жарыққа шығарып келеді.

ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі