АҚТӨБЕДЕ БАС МҮФТИДІҢ БАТАСЫМЕН БІР МЕЗЕТТЕ ПАЙҒАМБАРЫМЫЗҒА МӘУЛІТ ЖЫРЫ АРНАЛДЫ 6671

АҚТӨБЕДЕ БАС МҮФТИДІҢ БАТАСЫМЕН БІР МЕЗЕТТЕ ПАЙҒАМБАРЫМЫЗҒА МӘУЛІТ ЖЫРЫ АРНАЛДЫ

09 қыркүйек 2026 46 Оқу 1 минут

 Мәуліт айының құрметіне орай Ақтөбе қаласында өткен XV республикалық Құран байқауының қорытынды кешінде облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде айтулы рухани шара өтті. 

Имамдар мен жиналған қауым әлемге рақым етіп жіберілген адамзаттың асылы — Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауаттар жолдап, бір мезетте мәуліт жырын оқыды.

Жамағатқа есігін айқара ашқан құлшылық ордасын Пайғамбарымызға деген шынайы сағыныштан туындаған салауат кернеп, Мәуліт мерекесінің мәртебесі асқақтай түсті.

Шара барысында екі дүние сардарының әрбір әрекеті мен ғибратты сөзінен рухани нәр алудың, сондай-ақ хазіреті Мұхаммед пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шынайы жақсы көрудің маңыздылығы көркем уағыз арқылы жеткізілді.

Мәуліт жырынан соң қасиетті Құран аяттары оқылып, сауабы ардақты Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын), оның отбасына және өткен барша марқұмдардың рухына бағышталды.

Шара соңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мұфти Наурызбай қажы Тағанұлы елдің амандығы, жұрттың тыныштығы мен бірлігі үшін берекелі дұға жасап, жамағатқа батасын берді.

Одан өзге республикалық Құран жарысына қатысқан 80 қариға жырау Әділбек Сариннің ардақты пайғамбарымызға оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) арнап жазған «Пайғамбар жыры» кітабы табысталды. Осы кітаптың 25 бетіндегі жырын «Ер Едіге» жыр мектебінің ұстазы, жыршы Жеңіс Елемесов оқыды.

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі