Ақтөбе: РАНТ мүшесі жұма насихатын айтты 3120

Ақтөбе: РАНТ мүшесі жұма насихатын айтты

24 қараша 2023 2009 Оқу 1 минут

Бүгін ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі, РАНТ мүшесі Смайыл Сейтбеков Ақтөбе облысына арнайы келген іс-сапары барысында жұмаға жиналған жамағатқа облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде «Тәртіпке бағынған құл болмайды» тақырыбында жұма насихатын айтты.

РАНТ мүшесі: «Тәртіп – тәрбие бастауы, тәртіпсіздік – өміріңнің қас жауы» деп айтылғанындай, адам баласы жеке өзінің, отбасының және қоғамдың тәртіпті сақтауды дінінің талабы деп білуі тиіс.

Ал Бауыржан Момышұлы бабамыз да «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды», – деп текке айтпаған.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің әрқайсыларың бақташысыңдар және сендердің әрқайсыларың баққандарыңа жауап бересіңдер: әмірші бақташы саналады, өзінің баққанына жауапты. Еркек өзінің жанұясының бақташысы, әрі ол үшін жауапты. Әйел де күйеуінің үйінің бақташысы саналады. Әрі өзінің баққанына жауап береді. Қызметші иесінің малына жауапты, ол да өзінің баққанына жауапты. Сол үшінде әрқайсысың бақташысыңдар және әрқайсысың баққандарыңа жауапкерсіңдер», – деген (имам Бұхари, Мүслим)»,-деді.

ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі әлемдердің Раббысы Алла Тағала бүкіл жаратылысты жоқтан бар етіп, оларды иләһи жүйе мен тәртіпке бағындырып қойғандығына тоқталып, бірінші: жеке бастың тәртібі, екінші: отбасылық тәртіп, үшінші: қоғамдық тәртіп екендігі туралы жіті баяндады.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі