Ақтөбеде имамдардың кәсіби біліктілігін шыңдауға арналған ғылыми-танымдық семинар өтті 6774

Ақтөбеде имамдардың кәсіби біліктілігін шыңдауға арналған ғылыми-танымдық семинар өтті

06 қараша 2026 55 Оқу 1 минут

Ақтөбе қаласының Бас имамы Алмат Әлидің тапсырмасы және жылдық жұмыс жоспарына сәйкес, қалалық «Қайырқожа», «Сүлеймен ата» және «Әл-Ләтиф» мешіттерінің ұйымдастыруымен дін қызметкерлеріне арналған ғылыми-танымдық семинар өтті

Аймақ имамдары мен ұстаздарының кәсіби біліктілігін одан әрі шыңдауды көздеген басқосу «Ислам тарихының бүгінгі қоғамдағы маңызы» тақырыбына арналды.

Жиынның басты спикері ретінде Республикалық ақпараттық-насихат тобының (РАНТ) мүшесі, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы, білікті ұстаз Жексенбай Торбаев дәріс оқыды.

Семинар барысында Ислам тарихындағы айтулы оқиғалар мен көрнекті тұлғалардың ғибратты өмір жолы қазіргі қоғам тұрғысынан жан-жақты талқыланды. Спикер тарихи тәжірибеден тағылым алудың, қоғамдағы ауызбіршілік пен тұрақтылықты нығайтудың маңыздылығына тоқталып, күнделікті уағыз-насихат жұмыстарында тарихи деректерді орынды әрі сауатты қолдану әдістемесімен бөлісті.

Сонымен қатар жиында Ислам тарихын терең әрі дұрыс түсінудің жат діни ағымдардың алдын алудағы маңызы мен өскелең ұрпаққа дұрыс діни бағыт-бағдар берудегі рөліне ерекше назар аударылды.

Басқосу соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, тақырып аясындағы көкейкесті сауалдарына тұшымды жауаптар алды. Дін қызметкерлерінің уағыз-насихат жүргізудегі тәжірибесін арттыруға бағытталған бұл игі шара жоғары деңгейде қорытындыланды.

ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі