Ақтөбеде «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы қайта іске қосылды 682

Ақтөбеде «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы қайта іске қосылды

05 шілде 2021 191 Оқу 1 минут

ҚМДБ-ның биылғы негізгі жеті бағыттарының бірі – жат діни ағымдармен жұмыс. Аталмыш бағыт бойынша ҚМДБ Ақтөбе өкілдігі нәтижелі де сапалы көрсеткіштер көрсетіп келеді.

Осыған орай, өткен аптада Ақтөбеде «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы қайта іске қосылды. Маусым айының 28 күні мен шілденің 2 күні аралығында жұмыс тобы Темір ауданында жұмыс жасады.

Облыстық Дін істері басқармасының бастамасымен іске қосылған жоба аясындағы іс-сапарда Дін істері басқармасы, «Ансар» ақпараттық талдау орталығы және ҚМДБ Ақтөбе өкілдігінің тарапынан бекітілген арнайы мамандар аудан бойынша әртүрлі мекемелер мен қоғамдық орындарда кездесулерге қатысып, халықпен жүздесті.

ҚМДБ Ақтөбе облысы бойынша Бас имамы Серікжан Еншібай кездесулер барысында жат ағымның пайда болу себептерін, сенім мәселесіндегі қателіктері жайлы баяндап, дәстүрлі дінге қайшы тұстарын атап өтті.

Ауданға қарасты қала және ауылдық округтерде, мекемелер мен білім беру ұйымдарында, Мәдениет үйі, ауруханалар, мешіттерде кездесулер өткізіліп, семинар және психологиялық тренингтер ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің аға оқытушысы Нұржан Стамбакиев, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрбол Смағұлов, «Бақытжан» мешітінің имамы Айбек Қабиев, «Ақтөбе» медресе-колледжінің ұстазы Айсұлтан Сапар деструктивті діни ағымның соңынан кеткен азаматтармен жеке кездесіп, оңалту жұмыстарын жүргізді. Кездесуде Шұбарқұдық, Кенқияқ, Саркөл, Шұбарши секілді елдемекендердің азаматтары қамтылды.

Жалпы, Темір ауданындағы 5 күннің қорытындысы бойынша 51 шара ұйымдастырылып, 781 адам қамтылды.

Бұл аптада түсіндіру тобы Алға ауданында жұмысын бастайтын болады.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі