Жазғы сауат ашу курсы тәмамдалды 693

Жазғы сауат ашу курсы тәмамдалды

19 шілде 2021 129 Оқу 1 минут

Ақтөбе қалалық орталық мешітінің жанынан бір айға жуық уақыт бойы жеткіншектерге Құран әліппесі, иман шарттары, құлшылық негіздері, әдеп пәндері бойынша түрлі дәрістер мен танымдық сабақтар жүргізілген болатын. Алған білімдерін қаншалықты түсініп, игергендерін анықтау мақсатында балалардан емтихан алынып, сауаттылықтары сынға түсті. Зерек әрі елгезек ұл-қыздарымыз әр сабаққа үзбестен қатысқандықтарының нәтижесінде емтихандарды жоғары деңгейде тапсырып, Бас имам атынан марапатталды.

Болашақ елге, дінге адал қызмет етуші бүлдіршіндерімізге Ақтөбе қалалық орталық мешітінің Бас имамы Нұрлыбек Шакизадаұлы:

«Жазғы демалыстарыңды тиімді өткізіп, сауат ашу курсында ерінбей оқып білім алғандарың үлкен мақтауға тұрарлық. Өздеріңдей жастар арқылы біздің болашағымыз көркейе бермек. Алған ілімдеріңді амалмен жүзеге асырып, қоғамға пайдалы азамат болыңдар,» деп ыстық ықыласын білдірді.

Курста тәлім алған 40 қыз және 30 ер балаға естелік сыйлықтары мен сертификат табыс етілді.


Ақтөбе қалалық орталық 

мешітінің баспасөз қызметі