Ақтөбеде «Дәстүр Fest» шарасы өтті
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысы бойынша «Дін мен дәстүр» бағытына жауапты маманы Еламан Кәрімнің бастамасымен Ақтөбе облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторы мен Ақтөбе қалалық орталық мешітінің ұйымдастыруымен «Дәстүр Fest» атты мәдени-рухани шара өтті.
Тағылымды жиынға ҚМДБ «Дін және дәстүр» бөлімінің меңгерушісі Ерболат Нұрылдаұлы Жүсіпов арнайы қатысып, дін мен дәстүрдің сабақтастығы, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығы жөнінде насихат айтты.
Ауқымды шараға 60-тан астам қыз-келіншек қатысты. Әр қалалық мешіттен келген әйелдер қазақтың ұлттық тағамдарынан ақ дастархан жайып, ет, сүт және ұн өнімдерінен дайындалған ұлттық ас түрлерін көпшілікке ұсынды.
Ұлттық құндылықты дәріптеген рухани шараны Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Сәдиев ашып, «Ананың ұлт тәрбиесіндегі орны мен ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілігі» тақырыбын терең талдады.
Облыстың Бас имамы ана – отбасының берекесі, ұлттың тәрбиесін қалыптастыратын басты тұлға. екеніне тоқталып, иманды, білімді әрі отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеудегі ананың айрықша рөлі мен қоғам алдындағы жауапкершілігін кеңінен баяндады. Сондай-ақ қазақ халқының салт-дәстүрі мен ислам құндылықтарының сабақтастығы ананың өнегелі тәрбиесі арқылы ұрпақ санасына сіңетінін ерекше атап өтті.
Бағдарлама барысында халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлері дәріптеліп, нәрестеге азан шақырып ат қою, бесікке салу және тұсау кесу рәсімдері көрініс ретінде сахналанды.
Ақтөбе қалалық орталық мешітінің наиб имамы Ерәлі қари Құлмағанбетұлы сүннетке сай нәрестенің құлағына азан шақырып, есімін қойды. Ал ақ жаулықты әжелеріміз бесікке салу дәстүрінің жөн-жоралғысын көрсетіп, жас келіндерге тәрбиелік мәні зор ақыл-кеңестерін жеткізді.
Ал тарихи сәттің бірі, жаңадан тәй-тәй басқан сәбидің тұсауын ҚМДБ «Дін және дәстүр» бөлімінің меңгерушісі Ерболат Нұрылдаұлы Жүсіпов кесіп, ақ батасын берді.
Шара барысында Ақтөбе облысы бойынша «Әйел-қыздар секторының жетекшісі Кенжегүл Күшқарова « Дін мен дәстүр», Ақтөбе қалалық орталық мешітінің ұстазы, РАТТ мүшесі Анар Қойшығұлова «Ана – ұлт тәрбиесінің алтын діңгегі»және қалалық мешіттің ұстазы Айзат Қобланқызы «Отбасылық құндылықтар» тақырыптарында уағызға тоқталды.
Сонымен қатар Қобда ауданынан арнайы келген өнерлі әже Ләтипа Каримқызы домбырамен қазақтың халық әндерін орындап, әр мешіттен келген жамағат «Ауылдың алты ауызы» дәстүрін жаңғыртып, ұлттық әндерді шырқап, шараның көркін қыздырды. Жүргізушілер қатысушылар арасында салт-дәстүр, ұлттық құндылықтар және мақал-мәтелдерге қатысты танымдық сайыстар ұйымдастырып, белсенділік танытқан жамағатқа сыйлықтар табыстады.
Одан өзге ҚМДБ-ның төл баспасы «Мүфтият» баспасынан жарық көрген кітаптар мен діни әдебиеттер таныстырылып, жәрмеңке ұйымдастырылды.
Ғибратқа толы «Дәстүр Fest» шарасы ұлттық құндылықтарды дәріптеп, дін мен дәстүрдің өзара сабақтастығын насихаттауға, сондай-ақ жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімін қалыптастыруға бағытталған маңызды рухани кездесу болды. Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі




































































