Ақтөбе: «Тату отбасы – ел тірегі» атты отбасылық семинар өтті 2545

Ақтөбе: «Тату отбасы – ел тірегі» атты отбасылық семинар өтті

03 наурыз 2024 160 Оқу 1 минут

ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында ҚМДБ бекіткен 5 бағыттың бірі – «Ихсан және насихат» бойынша облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде «Тату отбасы – ел тірегі» атты ажырасу мәселесінің алдын алу және жас жұбайлар арасындағы қатынас сияқты тақырыптарды қозғаған отбасылық семинар өтті.

Аталған игі шараға облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы, облыстық орталық мешіттің наиб имамы Нұрбол Смағұлов пен 10-нан аса жас жұбайлар қатысты. Ал ізгілікке бастау алған шарада облыстың Бас жас жұбайларға некенің құндылығы туралы насихат айтты.

«Адам баласын өмір көшін жалғап, ұрпақ сабақтастығын үзбей берекелі қоғам құруы үшін, Алла Тағала үйленіп, отау құруға мұқтаж күйде жаратты. Бұл жайлы қасиетті Құран Кәрімде:

«Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар мен рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы», - делінген.

Неке қиып үйлену арқылы адам баласы өз мойнына үлкен жауапкершілік алады. Сондықтан, бұл нәрсе екі жастың әуелі имам мен куәгерлердің алдында сөз байласып, серттесу рәсімімен бастау алады. Жұбайлардың әрі қарайғы өмірі берік қағидаға негізделеді. Олар бір-бірлері үшін сүттей ақ, судай мөлдір, барынша мейірімді әрі кешірімді болуы керек»,-деп Серікжан Еншібайұлы тату отбасы маңыздылығына жіті тоқталды.

Сонымен қатар облыстың Бас имамы мен наиб имамы некені сақтаудың жолдарын баяндап, ең әуелі үйленетін жастарға ниеттің дұрыстығын айтты. Неке уақытша емес, өмір бақиға қиылатынын түсіндіре келе, жиналған жас жұбайлардың некесін қиды. Ал жас отбасылар тәлім-тәрбиеге толы насихат дәрістерімен сусындады.

Игі шара жыл бойы жалғасын табады.

 

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі