Ақтөбе: Рухани танымдық орталығы бар қос мешіт қатар ашылды (Фото) 4178

Ақтөбе: Рухани танымдық орталығы бар қос мешіт қатар ашылды (Фото)

15 ақпан 2025 171 Оқу 1 минут

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің жылдық жоспары негізінде 14 ақпан — Халықаралық кітап сыйлау күніне орай қасиетті жұма күні Ақтөбе қаласындағы Алматы ауданында «Рухани танымдық орталық» атты кеңістігі бар, онда ҚМДБ «MUFTIYAT» баспасының кітаптары мен төл басылымдары және тарих пен алаш зиялыларының еңбектері яғни 2 мыңнан астам көркем әдебиеттермен толықтырылған «Анашым» және «Ар-Рахим» атты 2 мешіт салтанатты түрде ашылып, қала тұрғындарына пайдалануға берілді.

Имандылық үйінің ашылуына арнайы елордадан ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, РАНТ мүшесі Батыржан Мансұров келді. Сонымен қатар Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев, қалалық орталық мешіттің бас имамы Нұрлыбек Шакизадаұлы, Ақтөбе облыстық маслихат депутаты, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, «Ауған соғысы ардагерлері» қоғамдық кеңесінің төрағасы Марат Қойлыбаев, қалалық мәслихат депутаты Амантай Үмбетай, ҚМДБ ақсақалдар кеңесінің мүшесі, зиялы қауым және БАҚ өкілдері, қала тұрғындары т.б қатысты.
Сәулеті жарасқан «Анашым» мешіті Баянауыл тұрғын үй алабы, №510 жер телімінде, ал 41 жол айрығы, №84 жер телімі мекенжайында «Ар-Рахим» мешіті орналасқан. Әр мешіттің сыйымдылығы 1000 адам.

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі рухани орданың ашылуымен құттықтап, Ақтөбе халқына Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізді. Сонымен қатар дін жанашырлары «Анашым» мешітін салушы Үмбеталин Сағдатқа, «Ар Рахим» мешітін салушы Танкеев Талғатқа Бас мүфтидің алғыс хатымен марапаттады. Ал жаңа мешіттерге Құран аяттары жазылған картиналарды табыстады.

«Өздеріңіз білесіздер, мешіттің атқаратын қызметі, қоғамдағы орны өте үлкен. Мешіт – руханият ордасы, оқу-білімнің орталығы. Себебі мешіттеріміз тек құлшылық жасайтын орын ғана емес. Мешіт – діни сауат ашатын, сәбилерге азан шақырып ат қоятын, жаңадан отау құрған жас жұбайлардың ақ некесін қиятын, дүниеден өткен аяулы жандарға Құран оқытып, дұға бағыштайтын, мұқтаж жандарға қайырымдылық жасалатын, қиналған адамдарға рухани қолдау көрсететін мейірім мекені. Ендеше, бүгін ел игілігіне беріліп отырған осы мешіттің де іші жамағатқа толып, дін Исламға лайықты қызмет етуін тілеймін!»- деді РАНТ мүшесі Батыржан Берденұлы.

Шара барысында құрметті қонақтар рет-ретімен сөз алып, жүрекжарды лебіздерімен бөлісті.
Одан өзге облыстың бас қариы, облыстық орталық мешіттің наиб имамы Бекжан қари Әлденов пен қаланың бас имамы Нұрлыбек Күзенбаев Құран оқыды. Ақсақалдар мен аудан тұрғындары жап-жаңа мешіттерде жұма намазын оқып, ел амандығы мен тыныштығы үшін бата жасады. Алла Тағала аталған мешіттердің ел ынтымағы мен бірлігіне және діни сауаттылықты арттыруға қызмет етуін нәсіп еткей!

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен имам болып, «Анашым» мешітіне Мәди Орынбай, «Ар-Рахим» мешітіне Елмұрат Мырзабаев тағайындалды. Ақтөбе өкілдігінде жаңа ашылған мешіттердің санымен 70-ші мешіт болды.

Айта кетсек, жаңа мешіттердің ерекшелігі — «Рухани танымдық орталық» атты кеңістіктің көпшілікке ұсынылуы. Мешіттерде кітапхана ашуға бағытталған осы игі бастама – рухани және білім беру саласындағы аса маңызды қадамдардың бірі.

Кітап сөрелерінде діни әдебиеттерден өзге қазақ әдебиетінің дамуына ерекше үлес қосқан танымал жазушылардың, ақындар мен қоғам қайраткерлерінің көркем шығармалар бар. Атап айтсақ, қазақ әдебиетінің классиктері А.Құнанбаев, М.Әуезов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, И.Есенберлин, М.Жұмабаев, І.Жансүгіров, Ш.Кұдайбердиев, Б.Майлин, М.Мақатаев, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин, С.Сейфуллин, С.Торайғыровтың туындылары және 100 томдық «Бабалар сөзі», 20 томдық «Әдеби жәдігер», «Қазақ әдебиетінің тарихы» серияларының қазақ және орыс тіліндегі аудармалары бар.

Өлке қаламгерлерінің шығармаларынан мағлұмат беретін 50 томдық «Ақтөбе кітапханасы» топтастырылды.

Сонымен қатар, «Егемен Қазақстан», «Ақтөбе», «Мәдениет», «Игілік», «Үш таған» секілді әдеби – танымдық журналдар мен мерзімдік басылымдарды келушілер оқи алады.

Ақтөбе облысының бас имамы Амантай Садиев бұл игі шараның облыс аумағындағы барлық мешіттерде жалғасын табатындығын жеткізіп, жамағатты кітап оқу арқылы рухани азық жинау үшін белесен атсалысуға шақырды.

 Шараның маңыздылығы туралы БАҚ өкілдеріне ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, облыстың Бас имамы, облыстық және қалалық маслихат депутаттары сұхбат берді.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі